Елімізде азаматтарды деструктивті діни ағымдарға тарту профилактикасы күшейтілуде.
Мамандардың айтуынша, олар көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы манипуляция әдістерін қолданып, психологиялық қысым жасайды. Көбіне жастар арбауға түседі. Шабуыл жасайтындар бәрін алдын ала ұйымдастырып, жоспарлы түрде әрекет етеді. Алдымен сенімге кіреді, одан кейін біртіндеп радикалды ойларын санасына құя бастайды. Сөйтіп адамның танымын өзгертеді. Сондықтан мамандар көпшілікті сақ болуға шақырады.
Лола Шакимова, психолог:
- Негізінен көбі интернет кеңістігі арқылы, әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Олар NLP сияқты инновациялық-коммуникациялық технологияларды пайдаланады. Мұндай нейролингвистикалық бағдарламалау – әр адамға жеке көзқарас жасауға мүмкіндік беретін америкалық әдіс. Яғни мінез-құлыққа, адамның санасына психологиялық әсер етудің формалары бар. Арбауға түспеу үшін адам мұқият болғаны жөн. Кіммен желі арқылы сөйлесіп отырғаныңды зерделеп алу керек.