Ақмола облысында көктемгі егіс науқанына дайындық қызу. Биыл аймақ диқандары 5 млн 600 мың гектарға жуық жерге дән себеді. Шаруаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру үшін 85 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде бұл мүмкіндікті 500-ден астам адам пайдаланып, алдағы науқанға сақадай сай дайын отыр.
Ақмола облысы – аграрлы аймақтың бірі. Елімізде өсірілетін бидайдың 25 пайызы өңір шаруаларының үлесінде. Соңғы екі жылда аймақ диқандары рекордттық көлемде астық жинады. Бұл шаруалардың тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесі.
Әли Әлиев, «Kokshe» ӘКК» басқарма төрағасының орынбасары:
- Ең бастысы, жеңілдетілген несие уақытында беріледі. Қаңтар, ақпан айларында қаржыландыруды бастадық. Сәйкесінше шаруалар да көктемгі егіске ерте қамданады. Бұл олар үшін үлкен қолдау деп есептеймін. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы да сәтті жүзеге асып жатыр. Ауылдағы ағайынның кәсіп ашып, тұрмысын жақсартуға жағдай жасаймыз.
Қазір «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация туризм саласын түрлендіруге де бет бұрған. Мәселен, Зерендідегі «Сұңқар» сауықтыру кешенінің техникалық базасын нығайтып, демалушылар үшін жайлы жағдай жасаған. Жазғы уақытта мұнда балалар тынығады. Осы маусымда шамамен 1800 оқушы келеді деп күтіліп отыр. Олар үшін арнайы бағдарлама да әзірленген.
Салтанат Әли, сауықтыру кешенінің директоры:
- Балалар лагерьде өзіндік көңілді уақыт өткізіп қана қоймай, білімге, сонымен қатар интеллектуалды ойындарға және де қазіргі уақытта дамып жатқан жасанды интеллект бағдарламалары аясында өз білімдерін толықтырады. Негізі бұл жобалардың бәрін біз жазғы маусымда арнайы ашып отырған себебіміз – балалар өздерінің жазғы демалыстарын өте көңілді өткізіп, бір жағынан қазіргі уақытта заманға сай, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру.
Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қолға алған «Реновация» бағдарламасы да өз жемісін берді. Бүгінге дейін өңірдегі апатты және тозығы жеткен 21 үй сүріліп, орнына жаңа 10 тұрғын үй бой көтерді. Ал 2030 жылға дейін 250 ескі үй сүріліп, орнына заманауи 55 тұрғын үй салынады. Нәтижесінде 18 мың ақмолалық жаңа баспаналы болады.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко