Serpin Way керуені оңтүстік өңірлерді аралап, Петропавлға оралды. Бір айға созылған кәсіби бағдар беру туры өз мәресіне жетті. Солтүстік Қазақстан облысының студенттері оңтүстіктегі мектеп түлектеріне «Серпін» бағдарламасының мүмкіндіктері туралы баяндады.
Петропавлдық студенттер Алматы облысын да аралады. Жалпы Serpin Way керуені 30 елді мекенді қамтыды. Мақсат – республикалық «Серпін» бағдарламасы туралы мағлұмат беру. Білім бағдарламасы мектеп түлектеріне маман тапшылығы бар аймақтарда сапалы білім алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.
Тараз қаласының түлектерімен кездесуде кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Оқушыларға еліміздің солтүстігіндегі жоғары оқу орындарында білім алудың артықшылықтары айтылды. «Серпін» бағдарламасы арқылы ҰБТ-дан алған орташа баллмен де білім грант иеленуге болады.
Ләйлә Берікова, студент:
- Біз 23 күннің ішінде 15 мыңнан астам оқушыларды жинап, ата-аналармен, профориентологтармен, оқушылармен және сол өңірдің жастарымен кездесулерді сәтті өткіздік. Әсіресе ауыл-аймақтағы оқушылар осыған өте қатты қызығушылық танытты.
Түсіндірмелік керуен Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе өңірлерін қамтыды.
Олжас Мұхтар, Serpin Way жетекшісінің орынбасары:
- Біз өзіміздің нақты, сапалы білімімізді береміз. Ең бастысы, біз студенттер үйімен қамтамасыз етеміз. Басқа университеттер сияқты 1 жыл емес, бізде 4 жылға студенттер үйімен қамтамасыз етеміз. Бізде республика бойынша ең үлкен студенттер үйі 1200 орындық. Сол жақта біздің студенттер тұрады.
Кәсіби бағдар беру керуені еліміздің 14 қаласы мен 16 ауылды аралады. Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте, сапалы білім алуға шақырып келді.
Асланбек Шығыр, Наталья Волкова, Гүлім Советхан, Анастасия Сулейманова