Жаңа Конституция: заң үстемдігі

  • 17
  • 24.04.2026, 21:39

Жаңа Конституцияның 1 шілдеден бастап заңды күшіне енуі елдің құқықтық жүйесінің дамуындағы маңызды кезең болғалы тұр. Бұл сарапшылардың пікірі. Құжаттың өзегінде заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.

Конституция — бұл ең алдымен, жаңа идеалдар және құндылықтармен толтырылған құжат. Заңгерлер мен сарапшылар осылай деп бағлауда. Оның мазмұнында біздің ұлт ретінде нені басты құндылық деп санайтынымыз анық жазылған. Қазақстанды ондаған жылдардан кейін қалай көргіміз келетіні де айқындалған. Біз демократиялық, зайырлы, әлеуметтік және құқықтық мемлекетпіз.

Индира Аубакирова, Халықаралық заңгерлер одағы төрағасының орынбасары:

- Заң үстемдігі Конституцияның бірқатар баптарында және өзге де құқықтық актілерде көрініс тапқан. Мысалы, 21-бапта әрбір адамның жеке деректері қорғалатыны бекітілген. Осы арқылы мемлекет адам құқықтарын сақтауға міндеттеме алады. Дәл осы жерде заңның үстемдігі айқын көрінеді.

Жаңа Конституцияда кез келген санаттағы, кез келген әлеуметтік және кәсіби топтағы, кез келген жастағы адамның мүдделері қамтылған. Сондай-ақ барлық азаматтар еңбек ету және демалу құқығына, білім алуға, денсаулығын сақтауға, жеке деректерін қорғауға ие бола алады.

Қазақ халқы қай заманда болмасын Ата заңға құрметпен қарап, ерекше мәртебе берген. Ал азаматтардың құқығы мен теңдігі бірінші орында болған.

 

Тарихшылар мен заңгерлер басты құжат саналатын Ата заңның өткені мен бүгіні арасында сабақтастық барын айтады. Қасым ханның «Қасқа жолынан» бастап, бүгінгі Конституцияның негізгі мақсаты – мемлекеттің ішкі тәртібін, тыныштығын сақтап, әділеттілікті қамтамасыз ету

Өтелбек Шнанов, тарихшы:

- Конституциямызда көрсетілгендей, адам мен оның құқықтары бас бостандығы мәселесін сақтау болса, хандар заманында да әділеттелік пен мемлекеттің тұтастығын сақтау мәселесінде және тәрбиелік мән де бар. Халықтың құқықтық сауаттылығын артуында ерекшелік бар. Әділеттіліктің орнауына мемлекеттік ұйымдардың хандық заманында да, қазіргі заманда да атқаратын қызметтері, талаптары өте жоғары деп айтсақ болады.

Нұрлан Жаңабаев, заңгер:

- «Қасым ханның қасқа жолы» кодексіне сәйкес, билік кейбір шешімді қабылдаған кезде қоғам қабылдамаса, ол заңсыз болады. Өзіңіз білесіз, қазіргі таңда әр мемлекеттік орган құзіретті өздерінің әрекетіне сәйкес тиісті заңнама қабылдайды. Оның бәрі заңмен шектеледі. Заңдастыру және құқықтық баға беру бізде Сот арқылы шешіледі.

Айта кетейік, 1–ші шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Ата заңның мазмұны 84 пайызға жаңарды. Ол 11 бөлім, 96 баптан тұрады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов