Алматы облысында өзге ұлт өкілі қазақ тілін дәріптеп жүр

  • 15
  • 24.04.2026, 21:47

Елімізде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері аз емес. Солардың бірі орыс қызы Ирина Ульжаева бала күнінен мұғалім болуды армандаған. Ол қазір Алматы облысы, Іле ауданындағы №21орта мектепте бастауыш сыныптарға сабақ береді. Мамандығы педагог-психолог. Аралас мектепте оқушыларға қазақ, орыс тілінде сабақ өтсе, үйінде балаларымен тек қазақша сөйлеседі. «Мен үшін мұғалім болу – зор мәртебе», - дейді ол.

Ирина Ульжаева Түркістан облысының тумасы. Жетісайда педагогикалық колледж бен Шымкентте жоғары оқу орнын тәмамдаған. Университетте педагог-психолог мамандығы бойынша білім алған ол 4 жыл бұрын Алматы облысының Іле ауданындағы №21 орта мектепке жұмысқа орналасты. 

Ирина Ульжаева, №21 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

- Мен қазақ тілін үйренуге тырыстым. Қазақстанда тұрғаннан кейін, бәлкім, менде де отансүйгіштік, патриоттық сезім қалыптасқан шығар — қазақша оқығым келді. 11-сыныпқа дейін қазақ сыныбында оқып, жақсы білім алдым. Кейін де оқуымды жалғастырып, мектепті үздік оқушылардың бірі болып бітірдім. Колледжге түскенде де қазақ тобында оқыдым, университетте де солай болды. Қазір қазақ сыныптарына да, орыс сыныптарына да екі тілде сабақ беремін.

Ирина былтыр аудандық байқауда «Үздік тіл насихаттаушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Үш ұл тәрбиелеп отырған ана үйінде балаларымен тек қазақ тілінде сөйлеседі.

Ирина Ульжаева, №21 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

- Себебі мен білемін: барлығы мектептен басталады. Егер біз мектептен патриот, отансүйгіш жастарды тәрбиелеп шығарсақ, олар бұл қасиетті ары қарай жалғастыра алады. Ал колледж бен университетке келгенде, ол кезде бала әлдеқайда қалыптасып үлгереді, санасы да дамыған болады. Сондықтан ол кезеңде оның санасына жаңа құндылықтарды сіңіру, көзқарасын өзгерту әлдеқайда қиын.

Мектеп басшылығы мен әріптестері жас мұғалімнің  оқушылармен сабақ өткізу шеберлігін жоғары бағалайды. Ирина Арсентьевна мектепішілік іс-шаралармен қоса қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Қуат Адижанов, №21 орта мектептің директоры:

- Іле аудандық ассамблеясының төрағасы жастармен этностық қарым-қатынас, достық сезімдер арасында кездесулер ұйымдастырады. Педагог ретінде шебер мұғалім, балалармен тез тіл табыса алады. Жаңа инновациялық технологияларды жетік меңгерген және балаларды өзінің сабағында қызықтыра алатын, кішкентай балаларға өзіндік тәрбие бере алатын мықты маман.

Айгүл Жәбел, №21 орта мектеп директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары:

- «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дегендей, ол кісі шәкірт жүрегіне жол тауып, білім берумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Тек қана аудандық шараларды емес, облыстық және республикалық деңгейдегі іс-шараларға да белсене атсалысуда. Өзіндік ортада абыройлы ұстаз, ата-анамен жақсы қарым-қатынас жасайтын парасатты, ізденімпаз жан.

«Еліміздегі әрбір педагог Отан алдындағы жауапкершілікті жан-тәнімен сезіне білуі тиіс. Өйткені мұғалім болу – мәртебе», – дейді жас ұстаз.

Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов