Атырау облысындағы өзендер арнасы тереңдетіліп жатыр

  • 6
  • 27.04.2026, 21:40

Атырау облысында су тапшылығын азайту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Қиғаш және Шора өзендерінің арнасы тереңдетіліп жатыр. 2025 жылдың шілде айында Құрманғазы ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған байланысты «Бір терезе» қағидаты негізінде 40 млрд теңге қаржы бөлініп, маңызды жобалар жүзеге асырыла бастады.

Өткен жылдың қараша айында іске кіріскен мердігер мекеме 5 айда айтарлықтай жұмыс атқарған. Олар ұзындығы 40 шақырымға жуықтайтын Ягодный, Көкарна, Сұрхан, Тухлый, Қызылжар секілді 5 каналды тазалады. Оның екеуі дайын. Былтыр аудандағы су тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланып, екі жобаға мемлекет қолдауымен аудандық бюджеттен 40 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Жалпы жоба бойынша 128 шақырым қазылу керек.

Әлібек Жұмағұлов, мердігер мекеменің өкілі:

- Қазу жұмыстары тоқтатылды. Өйткені нерест-балықтың уылдырық шашатын кезі. Сондықтан маусымның 15-іне дейін қазір қазу жұмыстары жүрмейді. Тек рекультивация қыстай қазылған жерлер бар, соны жағаны тегістеп, осыдан кейін Сұрханға барамыз, сосын Көкарнаға барамыз.

Биыл каналда қызу жұмыс жалғасатын болады. Атап айтқанда, Қиғаш өзенінің су көлемін ұлғайту және «Жарқосын» су арнасы мен «Ганюшкино» каналының теңізге қосылатын аумағын аршу міндеті тұр. Атқарылған жұмысқа ауыл тұрғындары дән риза. 60 жыл бойы құмыққан каналдар аршылса, малға да, жанға да жайлы болды,- дейді қариялар. 

Ержан Ғайнетов, Құрманғазы ауылының тұрғыны:

-Біздің мына тұрған жеріміз өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазылып еді. Содан кейін бұл құрғап қалды. Шамалы су келгенде келеді, су кеткенде кері қайтады. Енді мына тереңдетіп қазғаннан бері қарай осының пайдасы ғой енді. Мал ұстайды егін егеді, қармақ салады деген сияқты қазір өте күшті жағдай жасалуда.

Аудан аумағындағы өзендерді аршу жұмыстары шілде айында қайта жалғасады. Биыл 60 шақырым арна тазартылуы керек. Ол мақсатқа аудандық бюджеттен 7 млрд теңге қаралған.

Ренат Нұғыманов, аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бізде жылдан жылға су көлемі азайып жатыр, өзендерде. Соған байланысты жаңағы, мал шаруашылығында суаратын жерлердің азайып кетуі. Орын алып отыр. Сонымен қатар тұрғындарға суды Шора өзенінен аламыз, тұрғындарға су береміз ауызсу тазалап, сол су көлемі азайып кету қаупі болды. Қазіргі таңда су көлемі ұлғайды.

Аудандағы су тапшылығына байланысты қабылданған табиғи сипаттағы төтенше жағдай жыл аяғына дейін жалғасады. Ол қаражат көзін оңтайландырып, межеленген жұмыстың мерзімінде аяқталуына игі ықпал етпек.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин