Диқандар қазір дәнді және майлы дақылдарды егіп жатыр. Биыл өңірде 4 млн 300 мың гектар жерге дән себіледі. Көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруаларға мемлекет тарапынан түрлі қолдау болады.
Биыл қардың көбесі ерте сөгіліп, жер тез қарайды. Диқандар топырақтағы ылғал қорын сақтап қалу үшін егістік алқабына ерте шықты. Күн күрт ысыса, жер құрғап кетеді. Сондықтан ауа райы қолайлы кезді пайдаланып қалмақ.
Александр Хитров, серіктестік директоры:
-Биылғы көктем құрғақ. Топырақ науқанға дайын. Қазір бидай мен күнбағысты сеуіп жатырмыз. Одан кейін рапсқа көшеміз. Егістік науқанын мамырдың ортасына дейін толық аяқталады. Барлық агротехнологиялық шара сақталған.
Өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру үшін бидайдың алқабы қысқартылды. Орнына майлы дақылдарды көбірек егеді. Көктемгі дала жұмыстарын өткізуге жылдағыдай мемлекеттен жан-жақты қолдау бар. Үкіметтен 60 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Минералды тыңайтқышқа жұмсалған қаражаттың бір бөлігін мемлекет субсидиялайды.
Дәурен Тоққожынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Бүгінгі таңда кәсіпкерлер 282 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды. Шығынның 60 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Ол үшін отандық өндірушімен 10 млрд теңгеге келісімшарт жасалды.
Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 25 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы шықты. Бұл ретте диқандарға машина трактор паркін жаңалауға мемлекеттік бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие қарастырылған.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков