Абай облысы Аягөз ауданының оқушысы экоасфальт ойлап тапты. №10 қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдұлмаратова бұл жобаны үш жыл бойы әзірлеген. Осылайша үздіксіз тәжірибе жасап, нәтижесінде пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жол жабынын жасаудың тиімді тәсілін ұсынды. Енді бұл жобаны пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр.
Мектеп оқушысы Аружан Қабдұлмаратова үш жылдан бері бос уақытын асфальт жасайтын зауытта өткізеді. Тәжірибелі мамандардың пікірін тыңдап, өз жобасын жасап шығарған. Жас өнертапқыш алдымен тұрмыстық пластик қалдықтарын арнайы өңдеуден өткізіп, асфальт құрамына қосады. «Бұл әдіс жол жабынының беріктігін арттырып қана қоймай, оның қызмет ету мерзімін де едәуір ұзартады»,-дейді.
Аружан Қабдұлмаратова, 10-сынып оқушысы:
- Ең алдымен пластикалық қалдықтарды жинау, сұрыптау сияқты бірқатар процедурадан өткіземіз және арнайы өңделген пластик бізде осы қыздырылған битуммен араластырылады. Яғни қарапайым тілмен айтқанда пластикпен жаңағы асфальт қосылып, берік жол жабыны пайда болады. Бірақ енді оны толық айтып кететін болсақ, негізі асфальтті өндіруді біз үш этапқа бөліп қарастырамыз. Ең алдымен компоненттерді дайындау, екіншіден араластыру, үшіншіден қоспаны қыздыру және белгілі бір температурада ұстап тұру.
Мамандардың болжамынша, мұндай технологиямен салынған жолдар 12-18 жылға дейін жөндеуді қажет етпейді, ал сапасы жоғары үлгілері 20-25 жылға дейін шыдай алады. Сонымен қатар бұл тәсіл дәстүрлі асфальтпен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан да тиімді. Әрі экологияға пайдасын тигізеді.
Амид Рзаев, инженер:
- Полимерленген битум – болашақтың материалы. Пластик полимерлерін қосудың негізгі артықшылықтары жол жабыны төзімділігін арттырады. Сонымен қатар мұндай асфальт қолдануға жеңіл. Яғни ол қысымға жақсы шыдайды. Жалпы алғанда бұл көрсеткіштер дәстүрлі асфальт түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – жол сапасын бақылау үдерісін автоматтандыру. Жас өнертапқыш екінші кезеңде арнайы автономды роботтар жүйесін енгізуді ұсынады. Оның айтуынша, роботтар жолдағы ақауларды анықтап, оларды дер кезінде жөндейді. Бұл шешім уақытты үнемдеп, жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Назгүл Жұмаділова, жоба жетекшісі:
-Болашақта біз бұл экоасфальтты тереңірек нақты зерттеу үшін арнайы мамандармен ғалымдарға ұсынғымыз келеді. Енді біз Қазақстанда тіршілік етіп жатқаннан кейін еліміздің көркейгенін көргіміз келеді.
Аружанның бастамасымен қолға алынған «Экоасфальт» жобасы қоршаған ортаны қорғау мен жол құрылысына инновация енгізудің тиімді үлгісіне айналуда. Жобаның негізгі мақсаты – пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы экологиялық мәселелерді азайтып, оларды жол саласында пайдалы материал ретінде қолдану. Аружан бұл жобасы арқылы туған өлкесінің экологиялық ахуалын жақсартуға нақты үлес қосып отыр.
Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков