Кешен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, экологиялық таза қуат көзін алады. Осыған орай мегаполистегі қоқыс контейнерлерінде сұрыптау жүйесі қолға алынады.
Шымкентте күн сайын полигонға шамамен мың тонна қалдық шығарылады. Қазір қоқыс қолмен сұрыпталып жатыр. Бірақ бұл тәсіл барлық көлемді толық қамти алмайды. Соның кесірінен тұрмыстық қалдықтар қайта өңдеуге жіберілмей, полигонда қабат-қабат боп жиналуда. Осы мәселені шешу мақсатында пилоттық жоба аясында қағаз, пластик, шыны мен алюминий бұйымдары бөлек жиналатын арнайы алаңдар орнатылды.
Контейнерге тасталған қайта өңдеуге жарамды қоқыстар алдағы уақытта электр энергиясына айналуы мүмкін. Сала мамандарының айтуынша, ең алдымен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру керек. Егер Шымкенттегі бұл тәжірибе сәтті нәтиже көрсетсе, жоба еліміздің өзге өңірлеріне де кезең-кезеңімен енгізілмек.
Биыл осындай 100 алаң ашылады. Алғашқысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Отырар шағын ауданында пайда болды. Мұнда қалдықты сұрыптау талаптарының сақталуын қадағалайтын арнайы пункт те бар.
Гүлнәр Мұсаева, қала тұрғыны:
- Қоқыстардың бізге исі мүңкіп келіп, осыдан аллергия боламыз деген де қанша көршілеріміз бар. Мен қуанамын. Осы қоқысты осылай жеке-жеке салынып, барлығы дұрысталып, өндіріске барып өңделгенін.
Қалдықтар құнды шикізатқа айналады. Полигон жанынан қоқысты энергетикалық кәдеге жарататын зауыт салынбақ. Жобаға шамамен 54 млрд теңге инвестиция тартылды. Кешенді 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Ерсұлтан Қапашов, қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының бөлім басшысы:
-Қоқыс өртеу зауыты экологиялық халықаралық талаптарға сай келеді. Бұл жоба Қытай Халық Республикасында іске асырылған. Соңғы заманауи технологиялармен жабдықталған. Тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ деп санаймыз.
Сала мамандарының мәліметінше, жаңа кешен тек экологияны жақсартып қана қоймай, өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді. Қалдықты өртеу арқылы электр қуатын алу жобасы Алматы мен Астанада да жүзеге асады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов