Бүгін дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Оны белгілеудегі мақсат - жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан сақтау, кәсіби тәуекелдерді басқару мәселелеріне талдау жасап, қауіпсіздікті арттыру. Бізде кен орындары, зауыт – фабрикалар, яғни зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтар көп. Олардың еңбек жағдайын жақсарту бағытында қандай шаралар атқарылуда. Жалпы еңбек нарығында қанша адам жұмыс істейді?
Тұрақты, уақытша, маусымдық. Бұл жұмыстың жалпы сипаты. Ал мамандықтың түрі әлдеқайда көп. Қазақстанда орта есеппен 10 мыңнан астам кәсіп түрі бар. Әлем бойынша 50 мыңға дейін жетеді екен. Қазір бізде 9 млн адам жұмыс істейді. Оның 7 млн-ны жалдамалы, қалған 2 млн-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:
-Қазақстан халқы да өсуіне байланысты жұмыс істейтін халықтың да саны өсіп келе жатыр. Жыл сайын 200 мың адам мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнын бітіріп еңбек нарығына шығып жатады. Жаңа мамандықтың жыл сайын жүздеген түрі шығып жатады. Ескі мамандықтар жойылып жатса орнына жаңа мамандықтар пайда болып.
Ең көп жұмыс орны Алматы, Астана қалаларында. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары тізімнің басында тұр. Ең бастысы қайда болса да, жұмыс адамның біліктілігіне лайықты және қауіпсіз болуы тиіс. Былтыр 1345 адам міндетін атқара жүріп жазатайым оқиғаға ұшыраған. Соның ішінде 188 адам қаза тауыпты. Міне осындай фактілерді төмендету қажет. Соған қол жеткізу үшін Астанада халақарылық конференция ұйымдастырылып, сарапшылармен қауіпсіздік саласындағы заманауи үрдістер пысықталды.
Әлімжан Бекмағамбетов, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми зерттеу институты бас директорының орынбасары:
- Жеті қағида бар осы өндіріс орындарында жазатайым оқиғаларды болдырмау жөніндегі. Сондай шаралар қазір қолданылып жатыр. Қазір қарап тұрсақ еңбек кодексі бар, әлеуметтік кодекс бар. Басқада заңнамаларға толықтырулар мен өзгерулер көзделіп отыр.
2024 жылы Қазақстанда 445 мың адам зиянды өндірісте жұмыс істеген. Былтыр ол 396 мыңға дейін төмендепті. Яғни талап күшейуіне байланысты кәсіпорындар өндірске жаңа технологияларды енгізуде. Кеше ғана мамандықтарға байланысты тағы бір дерек айтылды. Елімізде алдағы он жылда 46 кәсіп түрі қысқарып, 14 мамандық мүлдем жойылуы мүмкін. Жалпы еңбек нарығының 44 пайызы өзгеріске ұшырайды деп болжануда.
Ердәулет Ыбырайұлы, Қайрат Ақтурев