Қазақ тілін игеру – азаматтық парыз

  • 5
  • 28.04.2026, 21:46

«Мемлекеттік тілді үйренуге қазір мүмкіндік мол», - дейді Ақтөбелік ұстаз Артем Райзих. Сондықтан қазақша тіл сындыру еліміздің әр азаматының перзенттік парызы деп біледі. Артем Райзих мемлекеттік тілді қалай үйренді?

Артем Райзих Темір ауданының Кеңқияқ ауылында туып өскен. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада тіл сындыру қиынға соқпаған. Бала күнінен көрші-көлем, достарымен ауызекі тілді игеріп, кейін қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысқан. Тарихшы мамандығына оқуға түсуге де қазақ тілін жетік білуі сеп болған.

Артем Райзих, тарих пәнінің мұғалімі:

-Менің ойымша әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын. Өз ойын жеткізе алатын адам болуы керек. Бәріміз ортақ тілде сөйлесетін болсақ еліміз одан әрі дами түседі деп ойлаймын.

Артем Райзих Мәртөк ауданындағы нөмірі бірінші мектепте еңбек етеді. Он жыл бұрын бұл орыс мектебі болатын. Қазір 600-ге тарта оқушының жартысына жуығы қазақ тілінде білім алады. Сондықтан аралас мектепке қос тілді жетік меңгерген білікті маман қажет.

Баян Құлниязова, мектеп директорының орынбасары:

-Артем Ивановичтің қазақ тілін еркін меңгеруі, еркін сөйлей алуы сабақты тек ғылыми тұрғыдан жеткізуге ғана емес өмірмен байланыстыруда және әртүрлі әдістерді қолданып өткізуде шеберлігі өте жақсы.

Артем Райзих мемлекеттік тілді еркін меңгеру үшін қазақ тілді орта қажет дейді. Тіл сындыруға ниет еткендерге қазақы қоғаммен етене араласуға кеңес береді.

Артем Райзих, тарих пәнінің мұғалімі:

-Қазақ тілін үйрену қиын емес. Менің ойымша кез келген адам сөйлеуге мүмкіндігі бар. Оған тек шынайы ниет керек. Одан бөлек ауданымызда қазақ тілді үйренуге ақысыз курс бар. Соған кез келген адам қатыса алады.

Артем Райзих қоғамдық шаралардан да шет қалмайды. Мәртөк аудандық мәслихатының депутаты ретінде өңірдің әлеуетін арттыруға үлес қосып жүр. Қазақ тілін еркін меңгеруі халықпен етене араласып, тұрғындардың көкейкесті мәселелерін шешуге септігін тигізген.

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов