Ол марқұмдарды өртеу арқылы жерлеуге арналған. Бұл қызмет дәстүрлі жерлеуге ерікті балама болып табылады. Рәсім қатаң түрде реттелген — мәйітті қабылдау мен сәйкестендіруден бастап, күлді туыстарына тапсыруға дейінгі барлық қызмет қамтылған. Мұнда қоштасу рәсіміне арналған залдар да қарастырылған.
Кешен екі заманауи пешпен, көпсатылы тазарту жүйесімен жабдықталған. Қызметкерлердің айтуынша, бұл шығарындыларды барынша азайтып, иіс пен түтінді болдырмауға мүмкіндік береді. Күл марқұмның туыстарына герметикалық капсулада беріледі. Оны жерге көмуге немесе колумбарийге, яғни арнайы орынға орналастыруға болады. Мұндай колумбарийді крематорий жанынан салу жоспарланып отыр. Қызмет құны Қазақстан азаматтары мен көршілес елдердің тұрғындары үшін 240 мың теңге.
Қайыржан Исабеков, «Қалалық патологоанатомиялық бюро» қызметкері:
- Бұл пештің өртейтін градусы 800 градус пен 1100 градустың арасында жүреді. Күніне бір тәулік ішінде бір пеште 8 мәйітті кремация жасауға болады. Әр мәйіт әрқалай, 1,40 минуттан 2,5-3 сағатқа созылады. Жануы адамның дене мүшесіне, қалпына, дене бітіміне байланысты.