Павлодар облысындағы «Ертіс – Успен» каналының құрылысы алты жылдан бері аяқталмай тұр. Жыр болған жоба іске қосылған кезде өңірде суармалы су тапшылығы жойылмақ. Егін алқаптарын ұлғайту жоспары да бар. Құрылысына 7 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген су арнасы қашан толық пайдалануға беріледі?
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- «Ертіс–Успен» каналының жобасы өткен ғасырдың сексенінші жылдары әзірленген екен. Құрылысы толық аяқталмағанымен, уақытша схема бойынша су да беріліпті. Кейін су арнасы қараусыз қалып, бетон плиталары талан-таражға түседі. Тарихи жобаны қайта жандандыру ісі 2020 жылы қолға алынды. Жоспар бойынша барлық гидротехникалық құрылыстар жаңартылып, су арнасы екі жыл ішінде тапсырылуы тиіс еді. Алайда жобаны іске қосу жұмыстары шамамен алты жылға созылып кетті.
Бұл елімізде жүзеге асып жатқан ірі жобалардың бірі. «Құрылыстың межелеген мерзімде аяқталмауының бірнеше себебі бар», -дейді мамандар. Жобалаушылар жерасты суларының деңгейін ескермеген. Салдарынан бетон плиталар шөгіп, кей учаскелер жарамсыз болып қалды. Кейін құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Ал пандемия кезінде қаржыландыру тоқтаған. Осылайша екі жылда аяқталуы тиіс құрылыс алты жылға созылды.
Әділбек Шапатов, «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы басшысының орынбасары:
- Жобаның құны 2018 жылғы бағамен есептелген, алайда барлық жабдықтар мен материалдардың бағасы өсіп, шамамен үш есеге қымбаттады. Мердігерлер өз жұмысын атқара алмады. Осыған байланысты біз бас мердігер ретінде – Сәтбаев атындағы канал филиалы жұмыстарды өз күшімізбен орындау туралы шешім қабылдадық.
Алты жылда құрылыстың басым бөлігі орындалды. Балық қорғау құрылғысымен жабдықталған сорғы станциясында жұмыстың шамамен 80 проценті аяқталды. Жобаның негізгі кезеңінде станцияны электрмен қамтамасыз ететін қосалқы станция пайдалануға берілді. Жалпы су арнасының іске қосылуы облыстың ауылшаруашылығы саласы үшін зор пайда әкеледі. «Суармалы егіс алқаптарының көлемі 10 гектарға ұлғайып, су тапшылығы жойылады», - дейді жауаптылар.
Есентай Мұрсалімов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Бұл шамамен 600 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар картоп өндірісін 75 мың тоннаға дейін, көкөніс өнімдерін 65 мың тоннаға дейін арттыруға жағдай жасайды. Жалпы өнім көлемі, сондай-ақ мал азықтық дақылдар бойынша да өсім болады. Негізгі басымдық осы салаға беріліп отыр. Өнім 127 мың тоннаға дейін жетеді. Сондай-ақ осы канал бойында орналасқан шаруашылықтар су жеткізу құнын арзандату үшін субсидия алады.
Қазір 13 шақырымдық магистральдік арнаның 11 шақырымы дайын. Алты аванкамераның үшеуі жұмыс істеп тұр. Мамыр айының 15-нен бастап сорғы станциясынан Павлодар ауданының үш шаруашылығына су беріле бастайды. «Ал нысан биыл қыркүйекте тапсырылады», - деп жоспарланып отыр.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев