Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні. Елдегі ұлттар достығын ұлықтайтын мереке барлық өңірде аталып өтті. Ал елорданың бірқатар қоғамдық орны арнайы бағдарламаны әдеттегіден ерте бастады. Ән-күй шырқалып, әр ұлттың болмысы паш етілді.
1 мамыр еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі. Бұл күннің тарихы 1995 жылы қазанда Президент Жарлығымен бекітілген. Ал бүгінгі күні елімізде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың барлығы Oтаны Қазақстанның гүлденуі жолында түрлі салада еңбек етуде.
Қазақстан – тағдыры табыстырған сан түрлі ұлттардың қара шаңырағы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елде 20 532 240 адам тұрады. 71,5 пайызы қазақ болса, қалғаны орыс, өзбек, украин, одан кейін ұйғыр, неміс, татар, әзербайжандар. Ал бүгінгі мереке барлығы үшін айтулы күн.
Мерекеге орай Астананың бірқатар саябағында түрлі іс-шара өтті. Концерттік бардарлама, жәрмеңке және әр ұлттың ас мәзірі қала тұрғындарының назарын аударды.
Қарлығаш Тасқарина, қала тұрғыны:
Таңертең әкеліп қазағымыздың тәтті домалақ бауырсағымыз ғой. Басқа ұлттар татсын осы біздің бауырсағымызды деп әдейілеп пісіріп жатырмын. Аспанымыз ашық болып, бәріміз тату-тәтті өмір сүрейік.
Қоғамдық орындарға жиналған көпшілікті шырқалған ән-күй ғана емес, түрлі ұлттың қолөнер бұйымдары да қызықтырды. Мәселен, мына жерде сырға-сақина, алқа секілді зергерлік бұйымдар болса, мына жерде моншақтар, ал мынау қыз-келіншектерге арналған әшекейлер. Мынау ерте ғасырларда жезден жасмалған шәйнек. Бұл күнделікті өмірде қолданылған көрінеді.
Мәтен Касира, қолөнер шебері:
- Мынау қошқармүйіз, әшекейлер көркемдік үшін. Мынау құс қанаты. Қанат жайып, өсіп-өркенде деген маңынада жасалған бұлар.
Елордадағы Достық үйінде мерекелік бағдарлама әдеттегіден ерте басталды. Мұнда ұлттық киім киіп, салт-дәстүрін паш еткен көріністер жиналған жұртты тәнті етті.
Дмитрий Останькович, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
-Біздің елде тілі де, салт-дәстүрі мен мәдениеті де әртүрлі 100-ден астам этнос тұрады. Барлығының бірлікті құрмет тұтатыны осындай фестивальде көрініс табады. Бұл біз үшін үлкен бақыт. Қазір осы «Достық үйінде» 24 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр. Бұл нағыз тату-тәтті тіршіліктің нышаны.
Бүгінгі мереке ел өңірлерінде де елеусіз қалған жоқ. Себебі бұл елімізде тұратын этностар арасындағы бірлік пен татулықты ұлықтайтын күн.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Самат Сүлейменов