Алматыда Бірлік мерекесіне орай 40-тан астам мәдени-көпшілік іс-шара өтті

  • 5
  • 01.05.2026, 21:34

Алматы – түрлі этнос өкілі өзара сыйластық пен келісімде өмір сүріп жатқан қала. Бұл тұрақты дамудың берік негізі. Бірлік мерекесіне орай мегаполисте көптеген мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. 

Бүгінде Алматыда көптеген этнос өкілдері тұрады. Бірнеше этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді. Әрқайсысының тілі бөлек, дәстүрі ерекше болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Ол өзара құрмет, сыйластық және бейбіт өмірге деген ұмтылыс.

Руфат Аблизов, Алматы тұрғыны:

- Барлық Қазақстан халқын осы Қазақстан халқының бірлігі күнімен ұйғыр халқының атынан шын жүректен құттықтаймын. Бұл өте керемет мереке. Себебі Қазақстан халқының бірлігін көрсетеді. Біз Қазақстанда өте тату-тәтті  барлық халықпен тұрып жатырмыз.

Абай алаңында этномәдени бірлестіктердің көрме шатырлары тігіліп, қалада тұратын түрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлері таныстырылды. Сахнада отандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар, сондай-ақ шетелдік қонақтар, оның ішінде Қырғызстанның «Komuz beats» тобы өнер көрсетті. Осындай шаралар арқылы жастар өзге мәдениеттерді танып, құрметтеуді үйренеді.

Шохмурод Молайханов, Алматы қалалық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

-Біз Алматы қаласы өзбек этномәдени бірлестігі өзбек халқының атынан мейраммен құттықтаймыз. Алматы қаласында он мыңнан астам өзбек халқы тұрады. Біз әрқашанда өз салт дәстүрімізді сақтаймыз. Халқымыздың салт-дәстүрін сақтауға, тілін меңгеруге барлық жағдай жасалған.

Жалпы мереке аясында Алматыда 40-тан астам мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Концерттер, көрмелер мен фестивальдер халықтар достығын нығайтуға бағытталған. Бірлік пен келісім бұл тек мерекелік ұран емес, өзара құрмет пен түсіністік бар жерде қоғам да тұрақты дамиды.

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон, Кенже Амраев