Атырауда ұлттар достығы мерекесі ерекше форматта тойланды

  • 4
  • 01.05.2026, 21:38

Бірлік күні Атырауда да өзге этнос өкілдерінен құралған ансамбльдер, өнер ұжымдары тұрғындарға концерт қойып,  мерекелік көңіл күй сыйлады. Жалпы өңірдегі этномәдени бірлестіктер облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына да ерекше үлес қосып келеді. Мереке құтты болсын! Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан елдің іргесі берік, келешегі кемел болсын! Иә, Атырауда да Бірлік күні айрықша тойлануда. «Сұлтан Бейбарыс» алаңында «Бірлікте гүлденген Ұлы дала» атты ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара өтіп жатыр. Түрлі этнос өкілдері жиналып, татулық пен достықтың жарқын үлгісін көрсетуде. «Жайық қызы», «Жұлдыз», «Меруерт», «Камелия», «Sanad», «Nomad» би топтары, сондай-ақ грузин және «Нам-Сон» корей этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары бірлесіп, «Тату елдің биі» атты хореографиялық композицияны ұсынды. Бұл қойылым Қазақстандағы сан түрлі ұлттың бір мақсат, бір мүдде жолында біріге алатынының көркем көрінісіндей әсер қалдырды. Мерекелік бағдарлама аясында көрермендерге ерекше әсер сыйлаған тағы бір ерекшелік, бұл әр этнос өкілдерінің ұлттық киімдері мен дәстүрлі музыкалық аспаптарының дефилесі. Осы көрініс арқылы қала тұрғындары этностардың бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды десек болады. Іс-шара жергілікті өнерпаздар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің концерттік бағдарламасымен жалғасып жатыр. Бірлік күні апталық ретінде аталып өтіп, түрлі іс-шара ұйымдастырылды.

Дәурен Мақым, «Қоғамдық келісім» ММ бөлім басшысы:

-Жастар арасында пікірсайыс турнирлері, QUIZ интеллектуалдық, зияткерлік сайыстары, түрлі экологиялық акциялар, әлеуметтік желідегі республикалық челлендждерге қосылу, сондай іс-шараларды ұйымдастырып келе жатырмыз. Енді бұл жердегі басты мақсат – көп этносты, көп конфессиялы Қазақстанның, осы Атырау өңірінде тұратын жастардың, этностапдың басын біріктіру, оларды бір ортаға, бір идеяның айналасына тоғыстыру.

Өңірде 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 80-нен аса этнос өкілі бар. Татулықты ту етіп, бірлікті сақтау жолында этномәдени бірлестіктердің маңызы зор. Олар облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына да ерекше үлес қосуда. Бірлестіктер жанынан құрылған ансамбльдер, өнер ұжымдары мәдени-көпшілік іс-шаралардан қалыс қалған емес. Жалпы өңірдегі өзге ұлт өкілдерінің қиын-қыстау шақта қол ұшын созған қазақ халқына деген алғысы, ықыласы ерекше.

Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин