ШҚО-да Бірлік күні сән-салтанатымен аталып өтті

  • 8
  • 01.05.2026, 21:39

Өскеменде де бүгін көптеген салтанатты іс-шара өтті. Орталық алаңда жүздеген домбырашы күй шертіп, бишілер мың бұрала би биледі. Ұлттық ойын түрлері насихатталып, түрлі этнос өкілі өнерін ортаға салды.

Шығыс Қазақстан үшін бірлік мерекесінің орны бөлек. Өлкеде 74 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Әрі ең алғашқы Достық үйі де осы өлкеде ашылған.Сондықтан мамыр мерекесі қашан да сән-салтанатына сай өтеді.

Ең көңілді шара орталық алаңда ұйымдастырылды. Мұнда бір демде жүзге жуық домбырашы күй шертіп,соншама биші дөңгелене би билеп, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады.Мереке барысында өнер ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынды

Мейрам көркі ән мен жыр екені белгілі. Ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері  үшін де бүгінгі күн үлкен маңызға ие. Қазір олар «ұйғыр биін» билеуге дайындалып жатыр. Өйткені бұл ұжымда қазақ та, орыс та, татар, кәріс те бар. Сондықтан бірінші мамыр мерекесі «жанымызға жақын» дейді олар.

Әнуар Бұлашбаева, қала тұрғыны:

-Бүгін  міне мұқым Өскемен көп ұлттар қарасаңыздар міне көп ұлт өкілдері жүр. Барлығымыз бірлікте тату-тәтті ұзақ өмір сүрудеміз. Қандай бақытты өмір сүріп жатырмыз біз Қазақстанда.

Қазақстан халқының бірлігі бұл этнос өкілдерінің достастығы ғана емес. Бұл мейрам жақсы тілек пен жарқын бастамалардың, терең сыйластықтың, өнер мен дәстүрлер тоғысының белгісі.

Сондықтан орталық адаңда жастар ләңгі теуіп, асық атып жиналғандарға ұлттық ойындардың қыр сырын көрсетті. Қолданбалы өнер туындыларынан көрме де ұйымдастырылды.

Елде жоқ этноауыл іші де бүгін ән мен жырға бөленді. Мұнда 15-тен астам этнос өкілдерінің тарихи қоныстары салынған. Кәрістің де, орыстың да, шешеннің де, ұйғырдың да ежелгі баспанасы бар. Дәл сол жерде түрлі ұлт ойындары көрсетілді. Әр этномәдени орталық мүшелері нақышына сай би билеп ән айтып бұл ауыл бүгін «мереке орталығына» айналды

Екатерина Семибратова, орыс этномәдени бірлестігінің өкілі:

- Біздің еліміз бірлікте үмір сүріп жатырмыз. Бірақ соған күнделікті мән бермейтініміз рас. Ал бүгінгі мейрам сол құндылықтың қадірін сездіргендей әсер қалдырады. Бірге би билеп, ән салып, керемет бағдарлама өтіп жатыр.

Мамыражай мамыр мерекесі концерттік бағдарламамен ғана шектелмейді. Бүгін қаладағы барлық субұрқақтар да іске қосылды. Сонымен қатар «студент көктемі» шарасы өтіп, ең белсенді жастар марапатталады.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов