Ақтауда көпэтносты мектепте Бірлік күні ерекше аталып өтті

  • 7
  • 01.05.2026, 21:43

Ақтаудағы мамандандырылған ІТ лицейінде оннан астам этнос өкілі білім алады. 1500-ден астам өскелең ұрпақты неміс, грек, кәріс, удин, татар, түрікмен сияқты өзге ұлт өкілі білім нәрінен сусындатып жүр. Ынтымағы жарасқан мектепте 1 мамыр ерекше тойланады.

Лицей оқушылары қазақ тілінде еркін сөйлейді. Өзге ұлыс өкілдері мемлекеттік тілді жастайынан меңгерген. Балалардың кейбірі түрлі деңгейдегі білім олимпиадасы мен өнер сайысында топ жарған. Ахмет Карасудың ұлты түрік. Ол бала кезінен күй тартып, республикалық домбырашылар байқауында лауреат атанған өнерпаз.

Ахмет Карасу, оқушы:

-Біздің мектепте көптеген ұлты өкілдері оқиды. Біз барлығымыз доспыз. Мен кішкентай кезімнен бері қазақ тілін жақсы білемін. Және Қазақстанда қазақ тілін білу өте маңызды.

Илья Лосев, оқушы:

-Біздің Қазақстанда көп ұлты өкілдері өмір сүріп жатыр. Бұл басқа елдерге үлгі. Қазақ тілін білу біздің парызымыз

Көпэтносты білім ордасында кәріс, орыс, түрікмен, әзербайжан тағы басқа ұлт өкілдері сабақ береді. Анастасия Галустянның мамандығы психолог. Удин ұлтының өкілі күнделікті жұмыс уақытында оқушылармен қазақ тілінде сөйлеседі екен. Ол жеткіншектердің мемлекеттік тілді білуге деген ынтасын жоғары бағалайды.

Анастасия Галустян, психолог:

-Кейбір балалар бірден ашылмайды. Олармен сөйлесу керек. Консультация жасау керек. Консультация кезінде мен қазақ тілінде сөйлеймін балалармен. Кейбіреулері орыс тілінде ашылмай, қазақ тілінде ашылдаы. Сол үшін ол маған өте керек, маңызды білім деп ойлаймын.

Бір қуантарлығы, аймақ мектептері мен бөбекжайларда тәрбиеленушілер Ақтаудағы «Достық үйіне» жиі келеді. Қазақстанда бейбіт өмір сүріп жатқан жүздеген ұлт пен ұлыстың салт-дәстүрімен танысып, өздері әзірлеген мерекелік бағдарламаны ұсынады.

Аманкүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

-Білім басқармасымен меморандум жасағанбыз. Қандай да бір атаулы мерекеде міндетті түрде біз балабақшадан бастап мектептің, одан кейінгі орта білім, жоғары оқу орындарымен бірге жұмыс жасаймыз. Біз тәрбиелеп жатырмыз, олардың біріне бірі толерантты болуы, ауызбіршілікте болуы, әр адамды құрметтеу керек екенін түсіндіретін үлкен бір мереке. 

Балалардың түрлі ұлттың терең тарихынан сыр шертетін музейді тамашалаған соң жасы үлкеннің ақ батасын алуы дәстүрге айналған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев