Мамырдан бастап елде не өзгереді?

  • 8
  • 01.05.2026, 21:50

Үкімет бұл айда халықтың табысын арттыруға бағытталған жаңа бағдарламаны таныстырады. Бұл айда елордада LRT іске қосылады, ал әскери қызметшілер үшін жаңа ереже күшіне енеді. Мұнай тасымалының бағыты да өзгеріске ұшырады.

Осы айда Астанада жеңіл рельсті көлік желісі  LRT іске қосылады. Жылжымалы құрамды тестілік сынақтан өткізу жұмысы толық аяқталды. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, барлық 18 пойыз сынақтан сәтті өтіп, жолға шығуға дайын. Жүйе кез келген қоғамдық көліктен екі есе жылдам қозғалады. Бүгінде «Әуежайдан» бастап «Абу-Даби Плазаға» дейінгі негізгі бекеттер жолаушыларды қабылдауға толық әзір. Желі бойында 18 станция бар. Жеңіл рельсті көлік елорданың негізгі көшелері мен аудандары арқылы өтеді. Ол халықаралық әуежай мен «Нұрлы жол» станциясын жалғайды.

Елімізде әскери қызмет өткеру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Президент Жарлығымен бекітілген жаңа ережеге сай келісімшарт бойынша қызмет ететіндер 4 мамырдан бастап мүлкін сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Бұл талап қызметке тұрған алғашқы ай ішінде орындалуы тиіс. Сонымен қатар түзетулер әскерилерге өзіне тиесілі баспананы жалға беру арқылы заңды табыс табуға ресми түрде рұқсат беріп отыр.

Елімізде балық аулауға уақытша тыйым салынады. 13 мамырдан бастап су биоресурстарының көбеюі мен уылдырық шашу кезеңіне байланысты арнайы шектеулер күшіне енбек. Бұл шара Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Жайық-Каспий секілді еліміздің барлық ірі бассейндерін қамтиды. Табиғатты қорғау мақсатындағы бұл тыйымдар Қиғаш, Шу және Талас өзендеріне де қатысты болмақ.

1 мамырдан бастап Ресей Қазақстаннан Германияға «Дружба» құбыры арқылы жөнелтілетін мұнай экспортын тоқтатады. Сондықтан Энергетика министрлігі 260 мың тонна мұнайдың экспортын басқа бағыттарға бұруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда 100 мың тонна шикізат Усть Луга портына қарай жол тартса, 160 мың тонна өнім Каспий құбыры консорциумы арқылы нарыққа шығарылады. Сала мамандарының айтуынша, мұнай тасымалы бағыттарының өзгеруі оны өндіру көлеміне әсер етпейді.