Солтүстік Қазақстан облысындағы Егіндіағаш ауылы көпбалалы отбасыларды шақырады. Жергілікті тұрғындар: «Көшіп келгендерге жұмыс табылады, үй алуға да жәрдемдесеміз», - дейді. Себебі сонда ғана ауылды сақтап қалуға болады. Себебі соңғы жылдары елді мекеннен қалаға қоныс аударатындар көбейген. Салдарынан ауылдағы бастауыш мектеп те жабылудың аз-ақ алдында тұр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Егіндіағаш ауылы облыс орталығы Петропавлдан 280, аудан орталығы Айыртаудан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір ауылда небәрі 8 үй ғана қалған. 50-ге жуық халық тұрады. Алайда тұрғындар саны жыл өткен сайын азайып барады.
Елді мекенді сақтап қалудың бірден-бір жолы – білім ошағындағы бала санын көбейту. Мектеп жабылса, ауылда ешкім қалмауы мүмкін. Егіндіағаштағы білім ордасы 80 оқушыға арналған. Бірақ мұнда бар-жоғы 5 бала ғана оқып жатыр.
Күнсұлу Ахметова, мектеп меңгерушісі:
- Осы уақытқа дейін бастауыш мектеп болғанда ең көп 9 бала санына дейін жететін. Енді биыл 3 оқушымыз 4-ші сыныпты бітіріп, орта буынға көшеді. Ол балалар көрші Сырымбет, Дәуқара ауылдарына барып, оқуларын жалғастырады. Енді біздің мектепте бар қалатыны 2 оқушы. 1 сынып оқушысы және 3 сынып оқушысы.
Ал оқушылардың қатарын толықтыратын мектеп жасындағы басқа бала ауылда жоқтың қасы. Жастардың көбі қалаға көшіп кеткен. Қалғандары тек егде жастағылар мен қариялар.
Аманжол Бықсыбаев, Егіндіағаш ауылының тұрғыны:
- Ел үшін, ауыл үшін жанымыз қиналып отыр. Ауылға келем дейтіндер болса, оңтүстіктен солтүстікке жеріміз бар. Үйлер де бар. Кішкене жөндесе, тұруға болады. Мектеп жабылса, ауыл да жабылады. Сол себепті мен жан-жаққа хабарлап, жанымды салып жүрмін.
Қазір ауылда тұруға жарамды деген 10 шақты үй бар. Көшіп келетін жандар болса, мемлекет тарапынан баспанамен қамтуға арнайы қаржы қаралады.
Руслан Қожахимов, Айыртау аудандық мансап орталығының басшысы:
- Үй қаражатын береді. Мысалы, егер де 7 млн-ға дейін үй алып жатса, 5 миллионға алса, Үкімет 100 пайыз төлеп береді. Енді бұл жерде үйді бағалаған бағасы бойынша төлейді. Одан бөлек, өз кәсібін ашып, айналысам деген азаматтар болса, мемлекет тарапынан 400 айлық есептік көрсеткіште гранттар бар.
Жалпы былтыр Айыртау ауданына «Ерікті түрде қоныс аудару» бағдарламасы аясында 46 отбасы көшіп келген. Ал биыл жыл басынан бері 36 отбасы қоныс аударған. Олардың қатарында Алматы облысынан келген Серікжан Ыдырысұлының отбасы да бар. Екі айда аудан орталығынан шағын кәсіп ашып, қазір табыс тауып отыр.
Серікжан Ыдырысұлы, Саумалкөл ауылының тұрғыны:
- Мансап орталығы құжаттарымызға көмектесті, көшіп келу және жол шығындарымызды өтеді. Әр адамға 305 мың теңгеден төледі. Кәсіп ашуымызға қолдау көрсетіп, үй алуымызға көмектесті. Үй алуға 7 млн теңге берді.
Оңтүстіктен келген халықтың көбі аудан орталығында қалуға тырысады. Мамандар олардың Егіндіағаш сияқты ауылдарға барғанын жөн көреді. Жоспар бойынша биыл Айыртау ауданына 62 отбасы көшіп келуі тиіс.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко