Көктемгі дала жұмыстары басталғалы бері су тұтыну көлемі күрт артты. Егін науқанында жұмсалатын судың 60 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.
Климаттық өзгерістер мен су тапшылығы жиі байқалатын оңтүстік өңірлерде суды үнемдеу мәселесі әлі де өткір тұр. Сондықтан ылғалды көп қажет ететін күріш пен мақта секілді дақылдар егісінің көлемі кезең-кезеңімен азайтылып жатыр. Бес облыс бойынша су пайдаланудың нақты лимиттері белгіленді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура судың «қара нарығын» жою мақсатында арнайы «Жол картасын» бекітті. Енді суды заңсыз пайдаланған немесе егіс құрылымын өз бетінше өзгерткен шаруалар үшін тариф жоғары болады.
Ғалымжан Қамбарбеков, ҚР СРИМ Су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Бұл құжатқа су ресурстарына аудит жүргізу, заңсыз су алатын аймақтардың картасын жасау, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржыға тексеріс жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кіреді. Бекітілген лимит бойынша Қызылорда облысы – 3,2 млрд текше метр, Түркістан облысы – 3,8 млрд текше метр суаруға арналған суды ғана пайдалана алады.