Жастарға патриоттық тәрбие беру – бүгінгі аға буынның міндеті. Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен республикалық дөңгелек үстелге жиналғандар осындай байламға келді. Ардагерлер ұйымның өкілдері, Ұлттық ұлан сарбаздары жас буынмен кездесіп, Қарулы Күштердің құрылу тарихы, қазіргі әлеуеті жайлы ойларымен бөлісті. Ел қорғаны – өскелең ұрпақ. Сондықтан сан ғасырдан бері қазақ халқының бойына сіңген елін сүю, жерін қорғау, ынтымақты ту ету мәдениетін үзбей, ары қарай жалғастырмақ керек. Осынау құндылықтарды жас буынның бойына сіңіріп, еліне қорған болар ерді тәрбиелеуде бас қосулардың да берері мол.
Ғалымжан Жұмабаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы:
- Жастардың барлығы отансүйгіш және олар жастайынан қазақи тәрбиеге үйренісіп, қазақи тәрбие алып келе жатыр. Оның барлығы ел-жұртқа мәлім нәрсе. Қорғаныс министрлігі осы салада әрқашан басқа да мемлекеттік мекемелермен және қоғамдың ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Қазір елде республикалық үйлестіру кеңесі құрылды және еліміздің барлық өңірінде әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру бойынша үйлестіру кеңестері жұмыс атқарады.