Елімізде тұңғыш рет әкімшілік рақымшылық жарияланып, азаматтардың төленбеген айыппұлдары ішінара немесе толық кешірілуі мүмкін. Қазір бұл іске қатысты бірқатар уәкілетті органдар бірлесе жұмыс істеуде. Оның нәтижесінде нақты кімдердің «қарызы» өшірілетіні анықталады.
Ел тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылық Президент тапсырмасына сәйкес, жаңа Конституция аясында іске асады. Бұл міндетке баса мән беру керектігі бұған дейін өткен Үкімет отырысында да нақты айтылды. Тіпті оның орындау тәртібін түзу үшін Ішкі істер және Әділет министрліктеріне Бас прокуратурамен біріге жұмыс істеу қажеттігі тапсырылды.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарлануда. Мұндай адамдардың санаттары, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органдармен толық пысықталатын болады.
Азаматтардың айыппұлдарын кешіру әкімшілік құқықбұзушылық жасағандарды ынталандыру үшін жасалмақ. Ең алдымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен көпбалалы отбасылар мен өзге де осал топ санатына жататындардың «қарызын» жою мүмкіндігі қарастырылмақ. Бірақ адам өміріне қауіп төндірген әрекет үшін салынған айыппұлдар рақымшылыққа ілікпек емес.
Индира Әубәкірова, Заң ғылымдарының докторы, профессор:
- Рақымшылық мемлекеттің ізгілік танытуына бағытталған. Сондай-ақ әлеуметтік бағытқа бейіл екенін көрсетеді. Оның аясында қылмыстық құқықбұзушылыққа іліккен 17 мың адам қамтылуы мүмкін. Ал әкімшілік заңбұзушылық бойынша қанша азаматқа қатысты қолданылатыны айтылмайды. Яғни нақты саны аталмайды.
Әкімшілік рақымшылық нақты кімдерге бағытталатыны алдағы уақытта белгілі болады. Бұл үшін тиісті заң жобасы қаралады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Бауыржан Ебелеков