Өскеменде 40-қа жуық аула жаңартылды

  • 71
  • 04.05.2026, 19:35

Өскеменде қырыққа жуық аула жаңартылып, тұрғындар игілігіне беріледі. Көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру үшін шамамен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Ең басты ерекшелік - шешімді халық қабылдайды. Тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы өз аулаларын жөндеуге өтінім береді. Ұсынылған жобаларға дауыс беру жүргізіліп, ең көп қолдау жинаған аумақтар абаттандырылады. Бұл тәсіл жергілікті мәселелерді жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. 

«Халық қатысатын бюджет» жүйесі өскемендіктерге бұрыннан таныс. Тұрғындар осы бағдарлама арқылы қай қаражатты қайда жұмсау керегін өздері анықтап келеді. Яғни ой-пікірлерін білдіріп өтінім қалдырады. Одан соң әр ұсынысқа дауыс беру басталады. Ең көп қолдау жинаған алғашқы жиырма бастамаға жергілікті бюджет тарапынан қаржы бөлінеді. Гагарин көшесіндегі мына үйдің ауласы былтыр дәл осы жоба бойынша адам танымастай өзгерді.

Галина Харченко, қала тұрғыны:

- Серуендейтін жол салынды. Барлығы жаңартылды. Балалар да, үлкендер де риза. Енді ары қарай өзіміз таза ұстап, көшет егіп, гүлдендіруге тырысып жатырмыз.

Жұрт жүргізілетін жұмыстың сапасын да қадағалай алады. Соңғы алты жылда қалада осы тәртіппен 200-ден астам аула жаңартылды. Биыл 37 аула алаңын абаттандыру жоспарланған.

Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Аяужан Әшімованың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар жұртшылықпен бірге қордаланған талай мәселені шешуге ықпал етіп келеді. «Халық кеңесінің» құрылуы осы күрделі шаруаларды бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік бермек.

Аяужан Әшімова, ШҚО қоғамдық кеңес төрағасы:

- Халық кеңесінің жұмысын жолға қоя білсек, бұл бізде өңірлердегі халыққа не береді? Жалпы заң шығару процесін бір қадам жақындатады, ішкі саясат мәселелері, жалпы халықты толғандырған мәселелерге қатысуға, республикалық деңгейде қатысуға бізге жақынырақ бір мүмкіндік беріп отыр.

Осылайша жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыреті күшейе түспек. «Ал бұл халықты алаңдатқан сұрақтарды жедел әрі уақтылы шешуге жол ашады», - дейді мамандар.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов