Ұлытау облысында киік төлдей бастады

  • 71
  • 04.05.2026, 19:54

Биыл болжам бойынша елімізде киік саны 5 миллионға жетуі мүмкін. Биыл дала еркелері әдеттегіден ерте төлдей бастады. Бұл маусым шамамен 7-10 күнге созылады. Нақты санын содан кейін айтуға болады.

Ақбөкендердің төлдеу кезеңі көп жағдайда мамырдың орта тұсында басталып, айдың аяғына дейін созылатын. Биыл күн көзі ерте жылығандықтан Арқа жерінде киік ерте төлдей бастаған. Сондай-ақ батыс өңірінде де құралайлар аяқтана бастапты.

Мадияр Аймұрза, Киікті қолға үйрету ғылыми патентінің авторы:

- Қазақстанда киіктің үш популяциясы бар ғой. Бетпақдала популяциясы кішкене кейінірек төлдеді. Батыс популяциясы былтыр ерте төлдей бастады. Жалпы киіктің төлдеу маусымы бір апта, он күн ішінде ғана өтеді.

Елдегі киік саны кейінгі жылдары айтарлықтай артты. 2022-2023 жылдары 1 миллион 800 мың басты құраған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2 миллион 800 мыңға жетті. Былтырғы есеп бойынша киік саны 4 миллионға жуықтаған. «Биыл төлдеу науқаны аяқталған соң, сайын дала сұлуларының саны 5 миллионнан асуы мүмкін», - дейді мамандар. Ал Мадияр Аймұрза басқаратын шаруашылық біраз жылдан бері киікті қолға үйретіп, өсіріп жатыр.     

Мадияр Аймұрза, Киікті қолға үйрету ғылыми патентінің авторы:

- 2023 жылдың желтоқсан айында үлкен киіктерді қамау әдісімен қолға үйренген киіктерге қосып өсіріп көрдік. Эксперимент жақсы өтті. Қазір бізде тәлім бағымызда 1500 киік бар. Тәлім бақтың аумағы – 777 гектар. Қолдағы киіктің биыл төртінші төлдеуі. Ішінде үш бұлақтың көзі бар. Қолға жартылай еркіндікпен үйренді десе болады.

Қазақта құралайдың салқыны деген бар. Мамандар: «Ол әдетте киік төлдеп болған соң басталады», - дейді. Демек биылғы салқын күндер шамамен мамырдың 15-не сәйкес келуі мүмкін.

Синоптиктердің болжауынша, әзірше күн жылы, бірақ құбылмалы болады.

Ердәулет Ыбырайұлы