Қостанай облысында киіктердің саны еселеп артқан. Ресми мәлімет бойынша 370 мыңға жуықтапты. Биылғы төлімен есептесек, миллионнан асып түсуі мүмкін. Жабайы жануарлардың көбеюі егіншілерді алаңдатып отыр. Әсіресе Қостанай облысының оңтүстік аудан диқандары: «Ала жаз бойғы еңбегіміз еш бола ма?», - деп қорқады.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалық қаласына қарасты шаруашылықтар биыл 320 мың гектарға дәнді дақылдар сеппек. Дәл қазір ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың айтуынша, топырақта ылғал қоры жеткілікті. Мол өнім алуға негіз бар. Бірақ өскен өнімді қаптаған киік таптап тастай ма деген алаңдаушылық бар.
Шаруа Сабыржан Бекешев былтыр 1200 гектарға бидай егіпті. «Әдемі көктеп өсіп келе жатқан өнімнің жартысын киік жоқ қылды», - дейді.
Сабыржан Бекешев, шаруа:
- Егер киік болмаса, онда 20-ға дейін алатын едік. Бірақ алғанымыз 11 центнер болды. Жаңағы киік жүрген жерде жартысын таптап тастаған, жеп қойған.
Сабыржан Бекешев тәуекелге барып, биыл да егін екпек. Жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай, несие алған. Науқанға толық дайын. Мазалайтын бір ғана мәселе – дала кезген түз тағысы. «Солардың санын реттейтін бір шара қолданбаса, шаруалардың жағдайы қиын болады», - дейді. Салаға жауапты мамандар да әзірге киікке тосқауыл болатындай айла-амал жоқтығын мойындайды. Тек егін алқаптарын сақтандыруға кеңес береді.
Руслан Құлетов, Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Енді былтыр шаруа қожалықтары өздері көрді. Шегірткенің қолайсыздығы болды, одан кейін киіктің қаупі болды. Биылғы жылы шаруа қожалықтарына түгелдей хабарланды. Әркім жаңағы еккен алаңдарына киіктен сақтандыру жасату керек.
«Бірақ киіктен келген шығынды есептеп шығарудың қиындығы көп», - дейді мамандар. Оны тіпті аэроғарыш мониторингі де нақтылай алмайды. Өйткені тапталған алқап қайтадан көгеріп шығуы мүмкін. Қазір сол шығынды есептеудің әдістемесі дайындалып жатқан көрінеді.
Кенжеғозы Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Киіктерден келетін шығындарды есептеу бойынша әзірге нақты әдістеме жоқ. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітуі тиіс, бірақ ол әлі қабылданған жоқ. Сондай-ақ бұл шығындарды өтеу қарастырылмаған. Қазір осы бағытта сараптау жүргізіліп жатыр.
Оңтүстік аудан егіншілерін бір қуантатын жәйт – биыл бұл аймақтарда шегіртке ошағы 3 есеге азайған.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг