Шымкентте жастар арасында «Айбын-2026» әскери-патриоттық сайыстың қалалық кезеңі басталды. Жүзге жуық мектеп оқушысы мен колледж студенті өзара сынға түсіп жатыр. Мақсат - жастардың жауынгерлік даярлығын шыңдап, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
Ақтас арнайы оқу-жаттығу полигоны нағыз тартыс алаңына айналды. Мұнда техникалық, кәсіптік және орта білім беру мекемелерінің 15 пен 17 жас аралығындағы білім алушылары әскери даярлықтан өзара бақ сынасты. Командирдің бұйрықтарын бұлжытпай орындап, тәртіп пен талапқа сай шеберлік көрсетті.
Жасұлан Насрадин, колледж студенті:
- Әскери өмірдің қиындығын, қызығын сезіну үшін өзіміздің борышымызды өтеуге қазірден дайындалып жүрміз. Бұл жарыста ұтамыз деп ойлаймыз. Біз өзіміздің нәтижемізге сенеміз. Балалардың бәрі қатты қарқынмен дайындалды.
Сайыс сап түзеуден басталды. Жоғары дайындықпен келген жастар белтемірге тартылудан сынға түсті. Қаруды бөлшектеп-жинаудан шапшаңдықтарын байқатты. Қорғаныс киімін кию кезіңінде әрбір секунд есепке алынды.
Алаңда жас сарбаздардың төзімі мен ерік-жігері сынға түсті. Кедергілер жолағынан өту барысында олардың тек физикалық дайындығы ғана емес, жеңіске деген құлшынысы да айқын байқалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар болашақ Отан қорғаушылардың мінезін шыңдап, табандылық пен жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Жастардың дұрыс таным деңгейін қалыптастыру үшін теориялық білім беріліп, арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. «Айбын-2026» әскери-патриоттық сайысы екі күнге созылады.
Азамат Парманов, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Бұл іс-шара аясында біз колледждер бар, мектептер бар сол жердегі жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кездесулер өткіздік. Ол жерде әскери қызметкерлер, соғыс ардагерлері де болды. Сол іс-шараның жалғасы бүгін осы жерде өтіп жатыр. Басты мақсат жастарды әскери-потриоттық рухпен тәрбиелеу, жастарды отансүйгіштікке үйрету.
Үздік деп танылған үш команда мен жоғары нәтиже көрсеткен 30 қатысушы бағалы сыйлықтармен марапатталмақ.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов