Алматы облысында төрт соғыс ардагері бар. Солардың бірі – Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұратын Фёдор Ковалёв. Ардагер қараша айында 99-ға келеді. Қария әлі тың, сергек ойлы. Жас ұрпаққа тарихтан сыр шертіп, бүгінгі бейбіт күннің зор құндылық екенін үнемі айтып отырады.
Фёдор Ковалёв 1927 жылы Белорусияда дүниеге келген. 17 жасында әскер қатарына шақырылып, 1945 жылдың тамыз айында кеңес-жапон соғысына қатысады. «Жапонияның жеңілісі КСРО-ның Қиыр Шығыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын тездетті», - дейді взвод командирі әскери шеніне дейін көтерілген ардагер.
Фёдор Ковалёв, соғыс ардагері:
- 1944 жылы Ленинск-Куднецк аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен Новосибирскідегі 3407 әскери бөліміне аттандым. Моңғолия, Маньчжурия аумағын басып өтіп, жапондармен шайқастық. Адам шығыны өте көп болды. Әскери қақтығыстар негізінен түн ішінде басталатын. «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, 1951 жылға дейін Дальний қаласында әскери борышымды өтедім. Взвод командирінің орынбасары, кейін взвод командирі болдым.
Фёдор Ковалёв соғыс аяқталған соң өзінің туған ауылында комбайншы болып еңбек етті. 1969 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына қоныс аударады. Ұзынағаштағы ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығында 20 жылдай слесарь, электрдәнекерлеуші болып жұмыс істеп, зейнетке шықты. Ардагер елімізде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді. Әлеуметтік-экономикалық және саяси оқиғаларды жіті бақылап, өзіндік ой-пікірін айтып отырады.
Ольга Литвина, келіні:
- Денсаулығы жақсы. Аудандық аурухана дәрігерлері үйге келіп, қан қысымын өлшеп, тегін дәрі-дәрмек әкеліп тұрады. Атам үстіне кір жұқтырмайды. Моншаға барып, тамағын ішіп, ыдыс-аяғын да өзі жуады. Бос уақытында теледидардан жаңалық көргенді ұнатады.
Фёдор Мельянович зайыбы екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 10 немересі, 10 шөбересі бар. Соғыс ардагері жас ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін жер бетінде бұдан былай соғыс өрті тұтанбағанын қалайды.
- Ең бастысы жер бетінде соғыс болмасын, балаларым. Бірнеше жыл бұрын Жамбыл ауданында 20 ардагер бар еді, қазір жалғыз қалдым. Жасым жүзге таяп қалды. Еліміздің барша тұрғындарына бақыт тілеймін! Мынау бейбіт күннің қадіріне жете біліңдер!
Алматы облысында бүгінде төрт соғыс ардагері тұрады. Олар Солтанбай Жарықбасов, Тәңірберген Толғанбаев, Алим Кебиров және біздің бүгінгі кейіпкеріміз Федор Ковалев. Жеңістің 80 жылдығына орай өткен жылы әрбір соғыс ардагеріне мемлекет тарапынан 5 млн теңгеден сыйақы беріліп, Қонаев қаласынан жаңа пәтер кілттері табыс етілген болатын. Федор Ковалев Жамбыл ауданының құрметті азаматы атанып, бірнеше мерейтойлық медальмен марапатталған.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов