Павлодарда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Отан үшін от кешкен батырлар» атты көрме өтіп жатыр. Онда келушілер даңқты жерлестерінің жеке заттарымен таныса алады. Мәселен, майдангер жазушы, Германияның Ильменау қаласының коменданты болған Қалмұқан Исабайдың және Кеңес Одағының Батыры Құдайберген Сұрағановтың әскери киімі қойылған. Соғыс ардагері Қайдар Жазкенов ұстаған Құран да көпшілік назарына ұсынылды. Сіріңке қорабына сыйып кететін бұл шағын кітапты майдангерге түрік жігіті сыйлаған екен. Ұрпақтарының айтуынша, жауынгер тұтқынға түскен кезде аман қалуын осы қасиетті кітаппен байланыстырған. Ұзындығы 3,5, ені 2,5 сантиметр болатын кітаптың мұқабасы металдан жасалып, өрнектелген. Мойынға ілуге арналған ілмегі бар. Ал қорапшасының бір жағына лупа орнатылған. Құранның барлық аяты қамтылған кітапшаны соғыс ардагері көзі тірісінде ұрпағына аманат етіп қалдырған екен.
Санат Сыздықов, соғыс ардагері Қ.Жазкеновтың немере інісі:
-Сол тұтқынға түскеннен кейін енді ату жазасына, бір үлкен жардың жанына апарады да ана тұтқындарды атады ғой, атқаннан кейін атам айтады мына шынашаққа тиген оқ, содан құлай кеттім дейді. Құлай кеткеннен кейін қалған кісілер үстіне жығылған ғой. Сосын немістің офицері келіп контрольный түгелін атқан. Сонда ана кісі аман қалған.
Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің басшысы:
-Бұны енді біз музейге табыстағанын құп көріп отырмыз. Өйткені бұл көпшілік көрген, біз ана Екінші Дүниежүзілік соғыс қаншалықты болғанмен де біздің аталарымыз сонда қан төкті, жан берді. Солардың ерлік істерімен бүгінгі елді қорғайтын, халқын ойлайтын ұлы тұлғаларды дайындауымыз керек қой.