Автомектептерге мемлекеттік бақылау күшейтіледі

  • 5
  • 06.05.2026, 19:30

Оқытушылар құрамы, материалдық-техникалық жабдықталуы және өзге де қызметі қадағалауда болмақ. Тиісті құжат Мәжілісте қаралды. Сондай-ақ төменгі палата депутаттары «Жануарларға жанашырлықпен қарау» жөніндегі заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді мақұлдады. Атап айтқанда, қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу әр өңірдегі мәслихаттарға беріледі.

Көлік жүргізушілерді дайындайтын автомектептерді бақылау күшейтілмек. Енді жүргізушілердің медициналық анықтамасы Ішкі Істер министрлігі үшін де қолжетімді болмақ. Сондай-ақ рұқсат алған автомектептердің бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру осы министрліктің құзырында болады. 

Нұрлан Әуесбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасында автомектептер үшін екінші санаттағы рұқсат енгізу ұсынылды. Оны алу үшін автомектептерге қандай негізгі талаптар қойылатын болады?

Санжар Әділов, ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары:

- Автомектеп ашу үшін қойылатын талаптар бар. Ол - біріншіден материалдық техникалық базасы, оқу кабинеттері, автодром және оқу көліктері, сондай-ақ, оқытушылары мен жүргізуді үйрететін шеберлері болу керек. Сонымен қатар бұл талаптар Ішкі Істер министрлігі бекітетін стандартпен айқындалады.

Бүгінде елде 720-дан астам автомектеп бар. Заң жобасында жеке деректерді қорғау және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты жеке нормалар көзделген.

Бұдан бөлек, аңшылықты дамытуға және жануарлар дүниесін қорғау күшейтілмек. Тіпті жануарларға қатыгездік көрсету қылмыстық істің қозғалуына түрткі болуы мүмкін. Ал жануарларға жанашырлықпен қарау туралы заңға Сенат енгізген түзетулер мақұлданды. Оның аясында бұралқы иттерді аулау қызметі сақталады. Бірақ заң жобасында эвтаназия сөзі қолданылмайтын болды.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Енді ату емес, дәрімен жаны қиналмайтындай қылып өлтіру деп айтады. Ең бастысы, адам құқығы бірінші орында. Кішкентай балалардың таланғанын көріп жүрегіміз ауырады. Әсіресе, елді мекендерде. Бұл жерде айтатыным, қала мен ауылды салыстыруға болмайды. Неге? Қалада приюттар бар. Ал енді ауылдағы иттер қалай? Шынжырмен байлаулы тұрған иттер шынжырмен байлаулы тұрған соң топтасады, адамдарды қабады. Осыны реттейтін болдық. 

Осылайша қоғамның қызу талқысына түскен бұл мәселеге қатысты депутаттар ортақ шешімге келді. Сондай-ақ бүгін 10-нан астам заң жобасы қаралып, депутаттық сауалдар қойылды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Әбілдин