Еліміздің Әскери теңіз күштерінде арнайы дайындықтан өткен сүңгуірлер барын екінің бірі біле бермейді. Олар нөсерлі дауыл, күшті толқынға қарамастан кез келген уақытта жауынгерлік тапсырманы орындауға дайын.
Бұл - Ақтаудағы әскери сүңгуірлерді даярлайтын оқу-жаттығу кешені. Қарулы күштер үшін стратегиялық маңызы зор орталықтың ТМД бойынша баламасы жоқ. Бұл жерде арнайы жасақ, Ұлттық ұлан, төтенше жағдай қызметкерлері, тіптен шетелден әскерилер келіп су астында әрекет етуді үйренеді. Мұндағы бассейннің тереңдігі 6 метрге дейін барады. Курсанттар суасты жүзу жабдығымен қараңғы әрі тар кеңістікте жүзіп, адамды құтқару және диверсия жасау тәсілдерін меңгереді.
Жәнібек Ғазизов, Әскери оқу-жаттығу кешенінің бастығы:
-Су астында жұмыс істеу алдында біз алдын ала қауіпсіздік шараларын өткіземіз. Ол кезде 2 адамнан жұп-жұбымен жібереміз. Олар біріне-бірі кез келген бір авариялық жағдай болған кезде көмек көрсетуі үшін. Азаматтық сүңгуірлер дейміз, олар жұмыс орнында белгілі бір уақытта жұмыс жасайды су астында. Ал бізде ондай жоқ. Әскери салада тапсырманы толықтай орындап шығу керек.
Сүңгуірлер міндетті түрде медициналық тексеруден өтпейінше жаттығу кешеніне жіберілмейді. Ескеретін жайт, су астында ауа баллонымен тыныстауға күш-қуат керек. Осы мақсатта теңізшілер арнайы сынақтан өтеді. Мәселен, тереңдікке сүңгу жоспарланса сүңгуір құрамында оттегі аз ауа қоспасымен демала білуі шарт. Дәрігер оқу-жаттығу кезінде әр жауынгердің қимыл-қозғалысын мұқият бақылайды.
Дияс Бекзатұлы, матрос:
-Мен көптеген нәрселерді үйрендім. Мысалы сүңгуір жабдықтарын қалай киюді және оны қалай пайдалануды. Теңіз астында жүрудің оңай нәрсе емес екенін түсіндім. Алған тәжірибемді алдағы уақытта өзенге-теңізге түскен уақытта қолданғым келеді.
Орталықта әскери флот күзетін қамтамасыз ететін, лаңкестер басып алған теңіз инфрақұрылымына шабуыл жасауға маманданған бөлімшелер де жаттығады. Ғимарат іші кеменің ішкі құрылысына ұқсатып жабдықталған. Қуатты қозғалтқыштар кешенді су көлігінің күшті дауыл кезінде шайқалу жағдайын қайталайтындай қозғалысқа келтіреді. Мұның барлығы қазақстандық теңізшілердің су асты ұрысқа шыңдалған маман ретінде қалыптасуына зор септігін тигізеді. Айта кетсек, соңғы жылдары Ақтауда Өзбекстан мен Беларусь елінің жауынгерлері әскери сүңгуірлік даярлықтан өтіп жүр.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев