Өскеменде тыл ардагеріне Ұлттық ұлан сарбаздары құрмет көрсетті

  • 6
  • 06.05.2026, 19:44

Өскемендік тыл ардагері Иван Гагарин үшін Жеңіс күні қаншалықты маңызды болса, Отан қорғаушылар күнінің орны тіпті бөлек. Өйткені ол соғыс жылдары тылда еңбек етсе, одан кейінгі өмірін ел тыныштығын күзетуге  арнады. Сондықтан Ұлттық Ұлан сарбаздары оны жыл сайын  мерекемен құттықтап ерекше  құрмет көрсетеді. Биыл да ардагердің ауласында әскери парад өтті.

Иван Гагарин салтанатты шараға арналған әскери киімін киіп, қонақтарды қарсы алуға қамданып жатыр. Тәртіп пен талапты ұстанатын ардагер, «сарбаз қашанда сымдай тартылып тұруы керек» дейді. Ол жылда маңызды қос мерекені асыға күтеді. Өзінің балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келді. 8 жасынан бастап бейбіт өмір  пен бір тілім нанның қадірін біліп өсті. Бала боп, асыр сап доп қумады. Тылда тер төкті.

Иван Гагарин, тыл ардагері:

-Біз егін егуге де, мал шаруашылығына да араластық.Баламыз демедік, қолымызға күрек ұстап малдың астын тазаладық. Көктемде жұмыс тіпті көбейетін. Ешқайсынан бас тартқан жоқпыз.

Еңбекпен шыңдалған жігіт кейін әскери қызметке тез араласты. 33 жылын сол салаға арнады. Қазір жасы 92-ден асса да, тың. Жиі жаяу жүріп, жас өрендерге өсиет айтудан жалықпайды.

Иван Гагарин, тыл ардагері:

-Отанды қорғау бұл өз еліңнің болашағын ойлау деген сөз. Яғни бүкіл алған біліміңді, жинаған тәжірибеңді  халқыңа қызмет етуге арнасаң, одан асқан қандай бақыт керек адамға.

Бойы тік, мінезі нық  Иван Гагарин өзін мерекемен құттықтап келген жастарды қуана қарсы алды. Ардагердің үйінің ауласында нағыз әскери парад ұйымдастырылды.

Бағдат Амангелді, ҚР Ұлттық Ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы:

- Иван Феодорович, бұл кісі тек тыл ардагері ғана емес. Әскери тәрбиеші болған, өзінің әскери жолы бар, кейінгі ұррпақққа жол көрсете алатындай айтары бар ақсақал.

«Иван Гагариннің әр сөзі, өзін ұстауы бүгінгі әскери қызметкерлерге жігер береді. Осындай кездесу арқылы үлгі-өнеге аламыз»,- дейді олар.

Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов