Көкшетаудағы Ұлттық ұланда музыкалық аспапты меңгерген 10-ға жуық сарбаз әскери борышын өтеп жүр. Қатардағы жауынгер домбыра, баян, гитарадан бөлек, ұрмалы аспаптарда еркін ойнайды. Қаладағы іс-шараларға да белсене қатысады.
Қатардағы жауынгер Темірхан Тастемір Түркістан облысының тумасы. Әскерге келгеніне жарты жыл болған. Шалғайдағы ата-анасы мен ауылын сағынғанда осы әнді орындап, мауқын басады.
Темірхан Тастемір, сарбаз:
- Мені өнерге ең алғаш ағам қызықтырды. Бала кезімде ағам гитара тартатын. Оның гитара тартқанын қызығып тыңдап жүретінмін. Содан бастап үшінші-төртінші сынып кезімде өлең айтып бастадым. Кейін әкем өнерге деген жақындығымды байқап, аккордеон сыныбына берді. Сол жерде оқып жүріп домбыра, гитара, дарбука, кахон, пианино, саксафон үйрендім. Әр аспапты меңгерген сайын өнерге деген құлшынысым арта берді.
Жігітке жеті өнер де аз. Темірхан домбырадан өзге аспаптарды да еркін меңгерген. Жауынгерлік жаттығу мен сабақтан қолы қалт еткенде қос ішек пен баянда ойнауға асығып тұрады.
Жалпы Көкшетаудағы 5510 әскери бөлімінде өнерлі сарбаздар өте көп. Олардың бірі тамылжыта ән шырқаса, енді бірі өлең жазып, ақындық қырын дамытып жүр. Жауынгерлердің бұл өнері әскери өмірде де өз пайдасын тигізген.
Әли Әзімжан, сарбаз:
- Әскери өмірде де музыканың септігі өте көп. Түрлі іс-шараларға қатысамыз. Осы қалада болсын, әртүрлі шараларға шақырту алып тұрамын. Сарбаздармен бірге отырған кезде, демалыс күндері үйді сағынғанда қосылып ән шырқайтынымыз бар. Әскери борышымды өтеп болғаннан кейін шығармашылықпен айналысып, жеке әндерімді жазып, шығармашылық кешімді өткізіп, белгілі бір жетістікке жету ойымда бар.
Ғани Ереже, ҚР Ұлттық ұланы 5510 әскери бөлімінің бөлімше бастығы:
- Біз үшін олардың тек жауынгерлік дайындығы ғана емес, шығармашылық тұрғыда дамуы да өте маңызды. Бөлімде сарбаздардың таланттарын шыңдауға барлық жағдай жасалған. Біз жергілікті әкімдіктермен және мәдениет үйлерімен тығыз байланыстамыз. Сарбаздар қалалық шараларға белсене қатысып, үлкен сахналарда да өз өнерлерін көрсетіп жүреді.
Осылайша, әскерилер өнерлі өрендердің көзіндегі отын сөндірмей, керісінше шығармашылығын шыңдауға барлық жағдайды жасап отырғандарын айтады. Осы бағытта мұнда 10-ға жуық үйірме жұмыс істейді. Қазір әскери бөлімде еліміздің әр өңірінен келген 500-ден астам сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко