Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді

  • 11
  • 08.05.2026, 19:54

Берлин аспанындағы алғашқы Жеңіс туы. Оны тіккен қазақстандық майдангер Кенжебай Мәденов еді. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангер Кенжебай Мәденовке қайталанбас ерлігі үшін Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Взвод командирі Кенжебай Мәденов 1945 жылдың 29 сәуірінде Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккен. Бұл тарихи ерлікке осы күнге дейін лайықты баға берілмей келген еді. Ол туралы еліміз егемендік алғаннан соң көрнекті публицист, журналист Жанболат Аупбаев зерттеп, мақала жариялаған болатын.   

Ерлігі 81 жылдан кейін бағаланып, «Халық Қаһарманы» атағы берілген Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда қазіргі Батыс Қазақстан облысының Ақтайсай ауылында дүниеге келген. Кенжебайдың әкесі Мәден Атырау облысы аумағындағы Тайсойған өңірінде дүниеге келген. Түп атасы Ақберен батыр Махамбет Өтемісұлымен бір әулеттен тарайды.

Бұл толқынның пешенесіне екінші дүниежүзілік соғыста етігімен қан кешуді жазған. «Жеңіс маршалы» Георгий Жуковтың «Воспоминания и размышления» атты деректі кітабында Ратушаға ту тіккен қазақтан шыққан жалғыз жауынгер Кенжебай Мәденовтің есімі аталады. Бірақ ерен ерлік бүгінге дейін ескерусіз келді. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев батыр есіміне қатысты құжаттарды жинақтап жарыққа шығарған. Ол туралы Жәкеңнің курстасы Төлеген Берішбай жан-жақты таратып айтып берді.

Төлеген Берішбай, ардагер журналист:

- Мына «Маршал мемуарындағы Мәденов» деген туындысын ұзақ жыл зерттеді. Бастапқыда ол Орал қаласына іс сапармен келген кезде әскери комиссариаттан ба екен, әйтеуір, тір топ құжаптты қолына түсіріп, сол бойынша ізденді. Жәкеңе Кенжебай көкеміздің ұлы Махамбеттің Мәденов туралы айтып оның телефонын да бердім кезінде. «Егемен Қазақстан» газетінде 1 беттік көлемді материал берді. Алғашқы Мәденов туралы әңгіме қозғаушылардың бірі осы Жанболат Аупбаев болды.

Жанболат Аупбаевтың мақаласынан кейін Мәденовтің ерлігіне көптеген республикалық басылымдар үн қосты. Сөйтіп батыр майдангердің ерлікке толы майдан жолы жарыққа шықты. Былтыр 100 жылдық мерейтойында қоғам белсенділері мемлекет басшысына «Халық Қаһарманын» беру туралы ұсыныс жолдаған. Елдің тілегі ескеріліп, батырдың ерен ерлігі жоғары бағаланды. 

Абай Дүйсенбаев, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ доценті:

- Осы жылы Әділет салтанат құрып, шынында батырымызға үлкен құрмет көрсетіліп, мемлекеткіміздегі ең үлкен мәртебелі атақ «Халық Қаһарманы» берілді. Бұл тек қана ғалымдардың емес, бүкіл қазақ елінің қуанышы деп білемін.

Соғыстан аман оралған Кенжебай Мәденов 1946 жылдан бастап Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінде қызмет етті. 26 жыл бойы атқарған құпия қызметі сол кездегі Гурьев облысы бойынша Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті басқармасының төрағалығына жеткізді. Майдангер 1974 жылы 49 жасында жарақатына байланысты өмірден озды. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин