Алматыда 104 жастағы соғыс ардагері Зұлқарнай Сейітовке құрмет көрсетілді

  • 12
  • 08.05.2026, 19:40

Алматыда Ұлттық Ұлан әскери қызметшілері соғыс ардагері, профессор Зұлқарнай Сейітовты Жеңіс күнімен құттықтады. Ардагер биыл 104 жасқа аяқ басты. Батырды ұлықтауға Қазақстан Халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесінің өкілдері мен қоғам белсенділері де қатысты.

Зұлқарнай Сейітов 1941 жылы қараша айында өзі сұранып майданға аттанады. Әуелі жау танкін жоюды үйрететін арнайы жаттығудан өтеді. Кейін сапер болады. Ұрыс даласын миналардан тазартады. Оның қызметі әскердің алға жылжуына мүмкіндік берді. Ардагер Ленинград пен Сталинградты азат етуге де қатысқан. Батыр соғысты Берлин қаласында аяқтады.

Талғат Сейітов, Зұлқарнай Сейітовтың ұлы:

- Әкем соғыстан кейін оқуын жалғастырды. Ол Омбыдағы ауыл шаруашылығы академиясын аяқтап, биохимик мамандығын алып шықты. Осылайша, білім алуын тоқтатпай профессор атанды. Зейнет жасына келгенде әкем шақыртумен университеттерде сабақ берді. Ол 96 жасына дейін дәріс оқыды.

Бүгін мерекемен құттықтап келген әскери оркестр жеңіс әндерін орындады. Ал Ұлттық Ұлан сарбаздары ардагердің құрметіне сап құрап жүріп өтті.

Ұлықбек Қараев,  5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

- Бәріміз келіп осы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым етіп жатқан жолымыз бар. Үлкен рахмет біздің ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне. Бұндай іс-шаралардың маңыздылығы біздің өсіп келе жатқан  жасөспірім үшін, осы біздің ұрпақ үшін өте маңызды. Әрбір ел өзінің тарихын білу керек деп ойлаймын.

Зұлқарнай Сейітов соғыстан кейінгі өмірін ғылымға арнады. Отандық ғалымдардың ішінде алғашқылардың бірі болып қазақ және орыс тілінде «Биохимия» оқулығын жазды. Студенттер бұл кітапты осы күнге дейін қолданып келеді. Басқа да монографиялардың авторы. Ардагердің өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі.     

Зұлқарнай Сейітов, соғыс ардагері:

-Біздің армиямыз жақсы болсын. Ел қорғасын. Дендері сау болсын. Елімізде тыныштық болсын. Анау-мынау бәледен сақтай гөр. Командирлер жасай берсін. Дендері сау болсын, бақытты болсын. 100 жасасын.

Ернұр Рысбай, Эдик Кон