Астанада Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған симпозиум өтеді

  • 8
  • 12.05.2026, 19:40

Астанада мамырдың 19-ы мен 20-сы күндері Алтын Орда мұрасын зерттеуге арналған симпозиум өтеді. Халықаралық іс-шараға әлемнің 25 елінен делегаттар келеді деп күтілуде. «Ғылыми жиын Ұлы Дала дәуірін зерттеу саласындағы Қазақстанның беделін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Әр сала жеке-жеке талқыланып, тың деректер жарияланады. 

13-15 ғасыр. Алтын Орда – осы аралықта өмір сүрген қуатты ортағасырлық мемлекет. Бұл деректер мектеп оқулықтарда да жазылған. Алдағы жиында соңғы жылдардағы зерттеулер жарияланып, жаңа тақырыптарды зерделеу мәселесі пысықталады.

Жақсылық Сәбитов, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры:

- Алтын Орданы ғылыми түрде зертеу үшін алдағы жиынға 300 адам қатысады деп күтілуде. Соның 120 –сы шетелдік ғалымдар. 25 елден делегат болады. Оның ішінде Қытай, Украина, Англия, Франция, АҚШ тағы басқа мемлекеттер бар. ЮНЕСКО ұйымының ресми өкілдері де қатысады. Негізгі жиыннан бөлек, бірнеше секциялық отырыстар ұйымдастырылады.  

Айтулы жиында талқыланатын тақырып аясы кең. Мәселен, Алтын Орда кезеңінің саяси тарихы, археология, генетика, антропология мен нумизматикасы қамтылған. Соңғы кезде әсіресе орта ғасырдағы монеталардың мәдени-тарихи маңызын зерттеуге баса мән берілуде. 

Аслан Абдулла, Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының ғылыми қызметкері:

- Қазақ хандығының бастауы Алтын Ордада жатыр. Алтын Орданың болған және бөлініп кеткенге дейін  хандардың монеталарын санағанда миллиондай монета анықталған. Ол қазір жеке коллекцияға бөлініп кеткен. Соған қарағанда, Алтын Орда дербес, мықты мемлекет болғаны осымен белгіленіп тұр.

Монета сол кезде төлем құралы болса, қазір ғалымдар үшін ақпараттың көзі. Оны зерттеу арқылы Алтын Орданы жүзге жуық хан басқарғаны анықталыпты. Ислам діні сол аралықта мемлекеттік дін деңгейіне дейін жетті. 14-ші ғасырдың бірінші жартысы мемлекеттің гүлденген шағы болған. «Сауда-саттық, өнер мен ғылым қарыштап дамыған», - дейді тарихшылар. Ал қалған жаңа деректер мамырдың 19-20-шы күндеріне жоспарланған халықаралық симпозиумда айтылады.

Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев