Биыл 23,8 млн гектар жерге егін егіледі

  • 6
  • 12.05.2026, 19:41

23,8 млн гектар. Биыл диқандарымыз осынша аумақты игеруді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Аталмыш сандар бүгін үкімет отырысында айтылды. Жиында дала жұмыстарының жүзеге асырылуы мен шарулардың дайындығы пысықталды. Мамандардың айтуынша, бидай мен күріш алқаптары қысқартылып, жүгері мен картоп егістігі ұлғайтылады. 

Қазір барлық өңірде дала жұмыстары басталды. Егін егуге ауа райы да қолайлы болып тұр. Жоспар бойынша 12 млн гектарға бидай себілді. Майлы дақылдар 4 млн гектар. Жем-шөп және жүгері алқабы да кеңейтілген. 140 мың гектарға картоп отырғызылады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР экология және табиғи ресурстар министрі:

- Топырақ ылғалдылығы бойынша жалпы жағдай қолайлы. Қостанай, Ақмола, Солтүстік, Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатында ылғал қоры негізіген оңтайлы болады. Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарындағы жағдай қанағаттанарлық.  Жекелеген аудандарда жергілікті ылғал тапшылығы болуы мүмкін.

Түрлі тәуекелдер ескеріліп, биыл суды көп қажет ететін дақылдар алқабы қысқартылған. Ел бойынша күріш 20 мың ал, мақта алқабы 162 мың гектарға азайтылды. Тамшылатып суару керісінше артуда. Мәселен биыл оның көлемі 29,8 мың гектарға көбейген.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Азық-түлік қауіпсіздігін күшейту және импортқа тәуелділікті азайту өте өзекті мәселе болып табылады. Қазіргі таңда басты міндет – егіс науқанын сапалы жүргізу. Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалды. Агротехнологиялық талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс. Сонымен қатар өсімдіктерді қорғау шараларын уақтылы жүргізіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысын жалғастыру маңызды.

Көктемгі егіс жұмыстарын кедергісіз өткеру үшін шаруаларға 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініпті. Жалпы биылғы дала жұмыстарына 750 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Енді зиянкестермен күресті естен шығармау қажет.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстанда және көрші елдерде шегірткенің таралуына байланысты қалыптасқан ахуал қандай?

Азат Сұлтанов, ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Шекара маңындағы аумақтарында тұрақты мониторинг жүргізілуде. Жалпы республика бойынша 2,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін өңдеу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жұмыстар басталып, қажетті техника, мамандар мен препараттар дайындалды.

Соңғы 3 жылда шаруалар 70 мыңға жуық жаңа техника сатып алды. Оның 90%-ы өзіміздің отандық өндірістен шыққан. Жыл соңына дейін Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы паркін 8%-ға жаңарту жоспарлануда.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Аян Сәрсенбаев.