LRT желісі 16-17 мамыр күндері іске қосылады

  • 5
  • 12.05.2026, 19:43

Көптен күткен жеңіл рельсті көлік – LRT жүйесі 16-17 мамыр күндері жолаушылар тасымалын бастайды. Бұл туралы бүгін «City Transportation Systems» компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев хабарлады. Жаңа қоғамдық көлік Астанадағы жол жүктемесін азайтып, қатынасты жеделдетпек. Жол ақысы қанша болады? Жолаушылар қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілмек?

Су жаңа LRT желісі қаланың маңызды бағыттарын байланыстырады. Жеңіл рельсті көлік халықаралық әуежайдан «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейін қатынап, 18 станцияны шамамен 40 минутта еңсереді.

Диана Қадыр, тілші:

- Елорданың заманауи әрі ыңғайлы қоғамдық көлік жүйесіне айналмақ. Жүйе күн сайын таңғы 06:00-ден кешкі 23:00-ге дейін жолаушыларға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 7 жастан 18 жасқа дейінгі оқушылар мен заңнамаға сәйкес жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жол жүру тегін.

LRT жүйесінде жолаушыларға ыңғайлы бірнеше төлем тәсілі ұсынылады. Жол ақысын FacePay, банк карталары, Apple Pay, Samsung Pay, QR-код және арнайы көлік картасы арқылы төлеуге мүмкіндік бар. LRT картасының бағасы – 1000 теңге. Ал, билет құны – 200 теңге. Сондай-ақ, бір реттік билеттерді станциялардағы кассалардан немесе TVM автоматтары арқылы сатып алуға болады.

Айдар Надырбеков, LRT жеңіл көлік рельсінің операторы:

- Басты міндетіміз — жол ережелерін сақтап, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл да метроның ережелерімен бірдей. Есіктер жабылатын кезде ескерту дабылы қағылады. Сол уақытқа дейін ішке кіріп үлгеруі керек және тоқтаған кезде де дыбыс берілгенде шығып үлгеруі керек. Бір составта қазіргі таңда 4 вагон. Толық 652 адам қатынайды.

LRT толықтай автоматтандырылған жүйемен басқарылады, яғни құрамдар жүргізушісіз қатынайды. Желінің жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым.

Асылбек Дүйсебаев, «City transportation systems» компаниясының басқарма төрағасы:

- Жоба құны 2016 жылы бекітілді. 1,8 миллиард АҚШ долларын құрайды. Осы уақытқа дейін бұл сома өзгерген жоқ. Сонымен қатар, техникалық сипаттамасы жасақталып, пойыздардың моделі мен дизайны өзгертілді. Сондай-ақ, LRT жүйесі бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Шу деңгейін төмендету үшін вагондардың қабырғаларын қалыңдаттық. Сонымен қатар, жеңіл рельсті құрылым пайдаланылды. Жақын орналасқан тұрғын үйлерге вибрациялық әсері болмайды.

Жауаптылардың мәліметінше, LRT жүйесінің жұмысына 100 мыңнан астам адам тартылған. Оның 300-і – шетелдік мамандар. Бұдан бөлек, 500-ге жуық қызметкер арнайы даярлықтан өткен. Олардың қатарында пойыз операторлары, диспетчерлер мен техникалық мамандар бар. Сондай-ақ, салаға қажетті кадрларды жүйелі даярлау үшін арнайы оқыту бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр.

Авторлар: Диана Қадыр, Азамат Саметов.