Шымкентте 11 мыңға жуық жұмысшының құқығы тапталған

  • 7
  • 13.05.2026, 19:33

Шымкентте 11 мыңға жуық жұмысшының әлеуметтік құқығы бұзылды. Мемлекеттік еңбек инспекторларының тексерісі нәтижесінде олардың зейнетақы жарналары аударылмағаны анықталды. Сонымен қатар тағы 3 мыңға жуық тұрғынның ешқандай келісімшартсыз жұмысқа тартылғаны белгілі болды.

Жыл басынан бері уәкілетті органға 1141 арыз-шағым түсіп, 174 заңбұзушылық тіркелген. Осыған байланысты 33 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көбіне кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарында арнайы киім, қорғаныш құралдары мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы салдарынан 7 адам түрлі дене жарақатын алып, 2 адам қаза тапқан. Қазіргі таңда құзырлы орган өкілдері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

Серік Әлиманов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы есепті кезеңде 9 жазатайым оқиға орын алды. Оның жетеуі ауыр дене жарақаты. Аяқтың сынуы, қолдың сынуы деген сияқты. Екеуі адам өлімімен аяқталды. Біз осы мәселелерді анықтап, арнайы тексеру комиссиясын құрдық. Тексеру жұмыстары жүргізіліп, әрі қарай құқықтық баға беру үшін материалдар ішкі істер органдарына жолданды.