Ішкі істер министрлігі жазғы демалыс алдында оқушылар мен студенттерге үндеу жасады. Каникулда жұмыс істеймін деп қылмыскерлердің құрығына түсіп қалмауды ескертті. Дәл осы кезеңде интернетте және әлеуметтік желілерде тез әрі оңай табысты уәде еткен «тартымды» ұсыныстар жиі кездеседі. Бірақ олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, сондай-ақ насихаттау мен жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер болуы мүмкін.
Қуандық Әлжанов, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:
- Есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза өмірбойына бас бостандығынан айыруға дейін. Бір ғана жеңіл табыс бүкіл өміріңізге балта шабуы мүмкін. Егер сізге күмәнді жұмыс ұсынылса бірден бас тартыңыз. Жылдам табыс иллюзиясы үшін басыңызды қатерге тікпеңіз.