Алматы облысындағы Ақши ауылында ауызсу тапшы

  • 11
  • 13.05.2026, 19:45

Алматы облысының Іле ауданындағы Ақши елді мекеніне ауызсу кестемен беріліп жатыр. «Бозой топтық су құбыры» жүйесінде тағы апат болды. 50 жыл бұрын пайдалануға берілген желі әбден ескірген. Судан таршылық көрген ауылдықтар желіні жаңғыртуды сұрайды. Су шаруашылығы мекемесіндегілер: «Қаржының жоқтығы қолбайлау», - деп отыр.

Ұзындығы 72 шақырым болатын «Бозой топтық су құбыры» жүйесі 1972 жылы салынды. Кеңестік кезеңде төселген магистралды құбырды қолдану мерзімі  25 – 30 жыл десек, желіні жаңғыртатын уақыт әлдеқашан өтіп кетті.   Былтыр қараша айында құбыр жарылып, ауыл бір ай бойы ауызсусыз отырды. Сол кезде жергілікті билік жедел шешім қабылдап, ұзындығы 2,6 шақырым құбырды ауыстыруға 137 млн теңге бөлді. Алайда мамыр айының басында желіде тағы апат болып, су кестемен беріле бастады. 

Назира Омарова, ауыл тұрғыны:

- Су уақытымен беріледі: таңғы сағат 7-де, түскі 12-де, кешкі 4-те және кешкі 7-де. Кейде 1–2 күн су мүлдем болмайды деп хабарландыру беріледі. Сондықтан біз суды қайтадан жинап аламыз. Бірақ су қысымы өте төмен, кір жуу да қиын. Тіпті құбырлар ауыстырылғаннан кейін су сап-сары болып аға бастады. Енді басқа құбырларды да ауыстыру қажет болып тұр.

Нұрислам Сайлаубаев, «Бозой топтық су құбыры» мекемесінің басшысы:

- Өткен мамыр айының 4-інен бастап су шығыны 50 пайызға дейін жетті. Сол себепті су тәулігіне 4 рет кесте бойынша берілді. Қазіргі таңда 9 мамырда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі жерде жөндеу жасалды. Содан бері су кестемен емес, тәулік бойы, тұрақты қысыммен беріліп жатыр.

«Бозой топтық су құбыры» жүйесімен Қараойдан тәулігіне 1500 текше метр су айдаса, соның 50 пайызы ғана Ақшиге жетеді. Қалғаны әбден тозығы жеткен құбырдың әр жерінен ағып, жерге сіңіп жатыр. Сол себепті жауапты мекеме жұмысшыларына апат болған орындарды анықтау оңай болмай тұр. «Ауыл тұрғындарын тіршілік нәрімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бұл магистралды құбырды толық ауыстыру қажет», - дейді жауаптылар. 

Нұрислам Сайлаубаев, «Бозой топтық су құбыры» мекемесінің басшысы:

- 2023 жылы Іле ауданының бюджетінен қаражат бөлініп, “Бозой топтық су құбырын” реконструкциялау бойынша жоба әзірленді. 2024 жылы ол жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, дайын болды. Енді осы жобаны іске асыру үшін 7,5 млрд теңге қаржы қажет. Қаржы бөлінсе, мәселе толық шешілер еді.

Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге  жергілікті бюджеттен 62 млн теңге жұмсалды. Дегенмен оның мерзімі небәрі үш жыл. Құбыр биыл жаңартылмаса, құжаттаманы қайта жасауға тура келеді. Жалпы облыстағы елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-тік межеге жетті. Ал су құбыры желілерінің 65 пайызы тозған. Кеңестік кезеңде төселген 600 шақырымнан астам ауызсу құбыры қайта жаңартуды қажет етеді.

Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов