15 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді

  • 5
  • 13.05.2026, 19:35

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды. Құжатта: «Жиын 15 мамырда сағат 10.00-де Астана қаласында өтеді», – деп жазылған. 

Мәжіліс демекші, заң шығарушы органның кезекті жалпы отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған маңызды сұрақтың бірі - байланыс сапасын жақсартуға қатысты. Алдағы екі жылда Қазақстандағы 3,5 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты ғаламторға қосылады. Елді мекендерді оптикалық интернетпен қамтуды 92%-ға жеткізу жоспарланған, қазіргі көрсеткіш - 43%. Жауаптылар: «Сонымен қатар жол бойындағы байланысты да жақсартамыз», - дейді. Айтуларынша, бұл мәселе шешімін табуға таяу. Қазақстанда спутниктік интернет пойыздар мен тасжолдарда қолжетімді болады. Алғашқы кезең ретінде Алматы–Астана бағыты таңдап алыныпты.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Биыл республикалық маңызы бар автожолдар, ал келесі жылы негізгі облыстық автожолдар мобильді интернетпен қамтылады. Сондай-ақ спутниктік интернет арқылы ел аумағы толық қамтылады. Биыл спутниктік интернетті пойыздар мен ұшақтарға енгізу жоспарланған. Өңірде алғаш рет Direct-to-Cell технологиясы қолданылып жатыр.