1 шілдеден бастап ипотека алу арзандайды

  • 6
  • 13.05.2026, 19:55

1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотекалық несие мөлшерлемесі 25 пайыздан 20% дейін төмендейді. Жаңа талап әзірге тек коммерциялық банктерге қатысты болмақ. Бұл өзгерістер баспана нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

Елде ипотеканы арзандату мәселесі көтерілгенімен, сарапшылар бұл бастаманың қарапайым халыққа айтарлықтай жеңілдік әкелетініне күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, жылдық мөлшерлеме 20 пайыз болғанның өзінде 7-8 жылдан кейін қайтаратын қаржы бірнеше есе ұлғаяды. 

Нина Лукьяненко, Қазақстан риелторларының өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі:

- Мөлшерлеме 20 пайызға дейін төмендейді деген жаңалықты естігенде, көпшілік оның астарындағы маңызды тұстарға мән бермеді. Әзірге өзгеріс тетіктері белгісіз. Бірақ мен бір нәрсені нақты айта аламын. Елдің жылжымайтын мүлік нарығы қазір тоқырау кезеңін бастан өткеріп жатыр. 

«Баспана нарығында тұрғын үйдің сатылуы баяулай бастады», - дейді сала мамандары. Олардың айтуынша, қазір пәтер құны инфляция деңгейінде ғана өсіп жатыр. Әсіресе ескі пәтерлерге сұраныс сиреген. Себебі көпшілік жеңілдік пен бөліп төлеу қарастырылған жаңа баспаналарға басымдық беріп жатыр. Ал шілде айынан бастап банктер ипотека рәсімдеу талаптарын күшейтпек. Енді қарыз алушылардың табысы, несиелік жүктемесі мен төлем қабілеті жіті тексеріледі. 

Елена Бахмутова, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы:  

- Меніңше, алдағы уақытта банктер құрылыс компанияларымен бірлесіп, түрлі ипотекалық бағдарламаларды ұсынады. Алайда мұндай жобалар жаппай сипат ала қоймас. Өйткені Ұлттық банк екінші деңгейлі қаржы құрылымдарын шамамен 17–18 пайызбен қаржыландырады, ал банктер ипотеканы 20 пайызбен береді. Сондықтан бұл бағыт банктер үшін аса пайдалы деп айта алмаймын.

Елена Бахмутова ипотека процентін азайтудың ең тиімді жолы ол – базалық мөлшерлемені төмендету деп санайды. «Банктер несиені арзан алса, ипотеканы да төмен ставкамен бере алар еді», - дейді. Жыл басында қаржы құрылымдарына тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуға рұқсат берілді. 20 пайыздық ипотеканы қымбатсынған азаматтар осы өнімді қолдана алады. 

Мәди Мәлік, Айбек Ақшолақов