Елімізде бірнеше мемлекеттік марапат пайда болмақ

  • 9
  • 14.05.2026, 19:34

Мемлекеттік марапаттар қатары жаңа ордендермен толықты. Сенат тиісті заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады.

Қазақстанда жаңа үш мемлекеттік ор пайда болады. Жаңа мемлекеттік наградаларды енгізу бастамасын бұған дейін Президент көтерген. «Al-Farabi» ордені білім мен ғылым және мәдениет салаларын дамытуға атсалысқан азаматтарға, «Qoja Ahmet Yassaui» ордені ел дамуына ерекше үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі. Ал «Мейірім» орденімен жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылыққа елеулі үлес қосқан жандар марапатталады.

Депутаттар сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заң жобасын мақұлдады. Құжатта осы саладағы стандарттарды жетілдіру тетіктері қамтылған. Қабылданған өзгерістерге сай жұмыс беруші енді қызметкердің өз денсаулығын тексертуіне мүмкіндік жасауы тиіс. Ал медициналық скринингтен өтуге жібермесе, жауапқа тартылады. Осы кезеңде азаматтың жалақысы мен орны сақталуы шарт.

 Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған заң еліміздегі еңбек заңнамасын жетілдіруді көздейді. Соның аясында жұмысшы мен жұмыс берушінің құқықтарын үйлестіруге арналған нормалар топтамасы қарастырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бірқатар жаңа міндетпен толықты. Жалпы заң елімізде еңбек адамдарының құқықтық кепілдігін күшейтіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыра түседі деп сенеміз.