Сәтбаевта үй кезегінде тұрған 30 отбасы баспаналы болды

  • 9
  • 15.05.2026, 19:52

Сәтбаев қаласында үй кезегінде тұрған 30 отбасы қоныстойын тойлады. Жаңа пәтердің кілті Отбасы күніне орай табысталды. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар бар.

70 мың тұрғыны бар Сәтбаевта мың жарымнан астам тұрғын пәтер кезегінде тұр. Оларды коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы баспанамен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Жылдар бойы кезегін күткен 30 отбасыға жаңа пәтерлер кілті табысталды. Жыл соңына дейін тағы осынша жанұя баспаналы болады. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, облысымыздың барлық өңірінде тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, көптеген отбасы қоныстойын тойлап жатыр. Бұл әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі, облысымызға деген қамқорлықтың айқын көрінісі. 

Айдана Әбдіразақова ерекше баланың анасы. 10 жылдан астам пәтерден-пәтерге көшіп, өзгенің үйін жалдап келген. Жарық әрі жайлы баспанаға ие болған ол: «Енді бала тәрбиесімен алаңсыз айналысатын болдым», - дейді.

Айдана Әбдіразақова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Үй алып жатырмын. Өте қуаныштымын. 11 жыл бұрынғы арманым –баспаналы болу еді. Аллаға шүкір, балалардың несібесі. Барша құттықтап жатқан адамдарға рақмет! 

Баспаналы болғандардың барлығы әлеуметтік санатқа жататын отбасылар. Яғни асыраушысынан айырылған және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандар. 

Жауһар Ахметова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Балам екінші группадағы инвалид. 16 жыл күттік осы үйді. Шүкір! Оған да қолымыз жетіп жатыр. Отбасы күні құтты болсын. Қоныс құтты болып, сырты берекелі болсын. 

Облыс құрылғалы өңірде 365 мың шарша метр тұрғын үй салынды. Баспана құрылысы биыл да қарқынды. Жыл соңына дейін 800-ден астам отбасыға пәтер беріледі. 

Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов