Ақтөбе өңірінде киік популяциясын бақылау мақсатында құралайларға GPS сырға тағылып жатыр. Осылайша, ғалымдар ақбөкеннің жүрген жолын, тұрақтаған мекенін көріп отырады. Қазір еліміздің батыс өңіріне құралай салқыны жетіп, киіктер төлдей бастаған.
Айбат Мұзбай он жылдан бері тұяқты түз жануарларын зерттеп жүр. Зоология институты маманын әсіресе киік популяциясы қызықтырады. Енді көзін ашқан құралайдың салмағы мен бойын өлшеп, ветеринариялық сараптамаға қажетті сынама жинап жүр. Содан соң киік төліне ен салып, далаға қоя береді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Сырғалардың екі түрі бар. Еркек лақтарға мынадай реттік нөмірі бар қарапайым сырға тағылса, ал ұрғашыларына электрондық, GPS арқылы бақылауға болатын сырға тағылады. Мұның бір ерекшелігі күн сәулесімен қуатталып, үш жылға дейін жұмыс істейді.
Ғалымдар: «Салмағы 32 грамм болатын сырғаның құралайға зияны жоқ», - дейді. Заманауи құрылғы арқылы киіктердің жүрген жолын бақылап, орташа жасын анықтайды. Күніне 4 рет белгі беретін чип арқылы ақбөкен үйірін онлайн режімде көруге болады.
Айбат Мұзбай, Батыс өңірлік «Табиғи орта» ЭҮЕҰ бірлестігінің директоры:
- Үш күн бұрын сырға салған құралай бүгінге дейін 7 шақырым жерге ұзап үлгергенін көрдік. Киік төлдері сағат санап өсіп, күн өткен сайын белсенді бола түседі. Қазір құстай ұшқан ересек киіктерге ілесе алады.
Зоология институты мамандары Мұғалжар, Байғанин мен Шалқар аудандарының шекарасы тоғысқан тұсқа арнайы келді. Себебі бұл аудандар Үстірт киігінің кең тараған жері. Иен далада еркін көсілетін ақбөкендер төлдеуге осы маңға жиналады. «Охотзоопром» мемлекеттік мекемесінің инспекторлары құралай салқыны кезінде жануарлардың тыныштығын қору үшін күні-түні дала кезіп жүр.
Шоқан Ақылбеков, «Охотзоопром» РМҚК мекемесінің аға инспекторы:
- Жалпы Үстірт киігі осы Ақтөбе облысы және Маңғыстау облысының жерлерінде мекендейді. Кейбір уақыттарда Үстірт киігі көршілес елдерге, яғни Өзбекстан еліне өткен уақыты болған. Қазіргі таңда ондайлар көп байқалмайды. Себебі осы жерлер қазіргі таңда киіктерге қолайлы болып тұр. Жалпы қазіргі таңда осы Үстірт киігінің массасы осы жерде деуге болады. Шамамен есептеуіміз бойынша 60-70 пайызы төлдеп болды.
Мамандардың соңғы санағы Үстіртте 78 мыңнан астам киік бар екенін анықтады. Құралайы қосылған соң сайын дала еркесінің үйірі біршама өседі. Одан бөлек, Орал мен Батпақдала ақбөкендері де жылдың мамыражай мезгілінде Ақтөбе өңіріне бет бұрады.
Мансұр Есқожин, Айбек Даутов