Ел тұрғындарының басым бөлігі елдің даму бағытын қолдайды. Бұны Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижесі көрсетіп отыр.
Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқан 8 мың адамның 84,4 пайызы еліміз дұрыс бағытта өркендеп келеді деген пікірде. Оның 84 пайызы қала, 85,2 проценті ауыл тұрғыны. Гендер тұрғысынан талдауға келсек, әйелдердің 86,2, жастардың 90 пайызға жуығы экономикалық жағдай жақсарған деп есептейді және қазіргі саяси бағытты оң қабылдайтынын айтқан.
Әлеуметтік сауалнама 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. 17 облыс пен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы 18 жастан асқан респонденттерді қамтыды.
Зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың саяси бағытқа берген бағасы негізінен оң сипатқа ие және халықтың негізгі әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктеріне қарамастан, жоғары деңгейде сақталатынын көрсетеді.