Солтүстік Қазақстан облысында қызыл жасымық алқабы ұлғаяды. Бұршақ дақылы 388 мың гектарға егіледі. Мемлекет осы өнімді диқандардан сатып алу үшін 458 миллион теңге бөлді.
Қазір облыс аумағында көктемгі дала жұмыстарының қызған шағы. Биыл диқандар қызыл жасымық алқабын 20 пайызға ұлғайтқан. «Оның түсімі мен пайдасы өте зор», - дейді кәсіпкерлер.
Асхат Барлыбаев, серіктестік директоры:
- Қызыл жасымықты жеті жылдан бері егіп келеміз. Бұл бидай мен бұршаққа қарағанда табысы мол дақыл. Өнім Түркияға экспортталады. Одан бөлек, Көкшетау мен Петропавлға қайта өңдеуге алады.
Биыл қызыл жасымық 388 мың гектар алқапқа себіледі. Бұл егін шаруашылығын әртараптандырудың бір көрінісі. Оның үстіне мемлекет осы дақылды сатып алу үшін пилоттық жоба ретінде 458 млн теңге бөліп отыр.
Елена Гонтарь, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Жасымық – әлемдік нарықта сұранысқа ие, әрі қымбат. Оның азық-түлік және экспорттық әлеуеті жоғары. Сонымен қатар жерді азотпен байытып, құнарлылығын арттыратын қасиеті бар.
Диқандардың айтуынша, бұршақ дақылының экспорттық әлеуеті өте жоғары. Соңғы жылдары қызыл жасымық Азия елдері мен Еуропаға экспортталып жатыр. Жалпы облыс бойынша биыл 4,3 млн гектар жер игеріледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков