Елде жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы іске қосылды

  • 15
  • 18.05.2026, 19:37

Қазақстанда Орталық Азия елдері арасында алғаш рет жасанды жаңбыр жаудыру технологиясы іске қосылды. Бұл бастама аймақтағы су тапшылығын азайтып, су қоймаларын толтыруға және ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны Түркістан облысы Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп, халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып отыр.

Ауа райын модификациялау және жауын-шашынды жасанды түрде көбейту технологиясы дамыған елдерде соңғы 50 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазақстан – өңірде жасанды жаңбыр технологиясын тәжірибелік тұрғыда қолдануға көшкен алғашқы ел. 

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бүгінде су қауіпсіздігі, климаттық тұрақтылық тек экологиялық мәселелер емес, ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық тұрақтылықтың және ұзақ мерзімді өсудің негізгі факторына айналуда. Орталық Азия қазірдің өзінде күрделі климаттық сын-қатерлерге тап болып отыр. Сондықтан еліміз климаттық технологияларды стартегиялық басымдықтың бірі ретінде қарастырады. 

Мамандар бұл жоба жауын-шашын көлемін 10-20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады. Сондықтан Түркістан облысы кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Еліміздегі суармалы жердің 4/1 бөлігі, яғни 575 мың гектар жер осы өңірге тиесілі. 

Абдулла Ахмед Әл-Мандус, БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының президенті:

- Мұндай технологиялар Қытай, АҚШ, БАӘ, Франция және Сауд Арабиясында белсенді түрде қолданылады. Біз осы саладағы өзіміздің көпжылдық тәжірибемізді сіздермен бөлісуге келдік. Жасанды жаңбыр жауғызу арқылы біз алқаптарды сумен қамтамасыз етіп, құрғақшылықтан келетін шығынды азайтамыз. 

Жоба ең алдымен ағын су тапшы егіс алқаптарына қолданылады. «Жасанды жаңбыр радиусы 5 шақырымнан аспайды. Сондықтан сел болу қауіпі жоқ», - дейді мамандар. Жаңбыр жаудыру үшін халықаралық тәжірибеде қолданылатын тұз негізіндегі реагенттер пайдаланылады.

Әлия Оспанова, «Цифрлық үкіметті қолдау орталығы» МКК бас директоры:                                     

- Арнайы ұшақ бұлттарға жақындайды да бұлттың ішінде арнайы шеңбер жасайды. Сол шеңбердің ішіне ғана осы тұз себіледі. Тұздың инновациялық әдісі соншалықты ол бұлтты 10 шақырым биіктікке дейін үйкейтіп, 20 пайызға дейін су береді. Сондай-ақ тасқынға себеп болатын әлемде бірде-бір фактісі жоқ. Біз бұны қажетті жерге ғана себеміз. 

Бүгінгі ұсынылып отырған жасанды жаңбыр жауғызу технологиясы – болашаққа бағытталған бірегей жоба. Қазірдің өзінде нақты істер атқарылуда. Шаһарға 4 тонна инновациялық реагент жеткізілді. Арнайы әуе кемесі алғашқы техникалық ұшу сапарын сәтті орындады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов