Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды

  • 6
  • 18.05.2026, 19:46

Жазушы, ақын Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. Оның өмірі мен шығармашылығы Қазақстанның маңызды тарихи кезеңдерімен тұспа-тұс келеді. Ақынның мерейтойына арнап Мемлекет басшысы құттықтаухатын жолдады. Хатта: «Сіздің гуманистік идеяларыңыз ұлттық мәдениет пен қоғамдық-саяси ойдың асыл мұрасына айналып, әлемге кеңінен танылды. Бірегей шығармашылығыңыз арқылы қазақ халқының тарихи санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қостыңыз», – делінген. Ақынның туындылары қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғады. Осы арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінде өшпес із қалдырды.

Ақынның есімі әдебиет әлеміне 1961 жылы танылды. Ол Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуына арнап бір түнде «Адамға табын, Жер, енді» поэмасын жазды. Түркі дүниесі туралы тыңнан сүрен салды. Оның «Аз и Я» кітабы соның дәлелі. Ақын түркілердің адамзат өркениетінің қалыптасуына тигізген ықпалын тарихи лингвистика арқылы дәлелдеді.

Олжас Сүлейменовтің туған күніне арналған Президенттің құттықтаухатын Алматы әкімі Дархан Сатыбалды табыстады. Мемлекет басшысы: «Сіз Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де көрнекті ақын, терең ойлы қаламгер әрі беделді қоғам қайраткері ретінде сый-құрметке ие болдыңыз»,-деп атап өтті.

Ерден Қажыбек, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі:

- 1977 жылдан бастап алғаш рет біздің Қазақстан Ғылым академиясында «Түркітану, түркология» деген тақырыпты ашуға мүмкіншілік туғызған – Олжас Сүлейменов. 

Олжас Омарұлы қоғамдық-саяси мәселелерден де шет қалмады. Әлемдік маңызы бар тақырыптарды да қозғай білді. 1989 жылы «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысын құрды. Семей ядролық полигонының жабылуына үлес қосты. 

Ғалым Қалибекұлы, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары:

- «Невада-Семей» қозғалысын құру арқылы ядролық жарылысты болдырмауға, соны тоқтатуға бірінші болып атсалысты. Сол жолда үлкен қайраткерлік көрсетті және өзінің тұлғалық қасиетін де әлемге танытқан кісі.

Олжас Сүлейменов кино саласында өзіндік із қалдырды. Оның жазған сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «М. Әуезов туралы сөз», «Үндістан сазы» фильмдері түсірілген.

Гүлнәр Әбікеева, Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті:

- Олжас Сүлейменовтің кино саласына қосқан үлесін атап өту маңызды. Оны тек ақын, қоғам қайраткері деп тану аздық етеді. Себебі мұндай ірі тұлға кино саласының дамуына да сөзсіз ықпал етті.

Олжас Сүлейменовтің «Арғымақтар», «Жарық түндер», «Қыш кітап» поэзиялық жинақтары әлем әдебиетінің алтын қорынан орын алды. Оның еңбектері жоғары бағаланды. Ақынның 90 жылдығына орай Алматыда түрлі көрмелер, конференциялар мен салтанатты кеш ұйымдастырылды. 

Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев, Кенже Амраев